НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Ресейлік және шетелдік парламентарийлер мен белгілі қоғам қайраткерлері Sputnik Эстонияның айналасындағы жағдай туралы пікір білдірді. Бұл туралы Baltnews хабарлады.
Эстония билігі Sputnik Эстония қызметкерлері 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін "Россия сегодня" ХАА-дағы жұмысын тоқтатпаса, оларға қарсы қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытуда.
Еуропарламенттің бұрынғы депутаты, италиялық публицист Джульетто Кьеза елдің күштік құрылымдарының әрекетін "арандатушылық" деп бағалады.
"Менің ойымша, бұл жағдайды шиеленістірудің тағы бір талпынысы. Әрине, олардың талаптары орындалмайды, өйткені ол ақылға сыймайды және ақпаратқа еркін қолжетімділік қағидатына қайшы келеді. Бұл жағдайда "арандатушылық" деген сөзді қолдану орынды болады деп ойлаймын", - деді Кьеза басылымға берген сұхбатында.
Ресей Мемлекеттік думасы спикерінің орынбасары Петр Толстойдың пікірінше, Sputnik Эстония қызметкерлеріне жасалған қоқан-лоққы халықаралық заңды бұзу болып саналады.
"Бұл халықаралық құқықты, адам құқығын, сөз бостандығы құқығын бұзу болып саналады. Бұл жағдайда Эстония билігі осы нормаларды елемей отыр. Әрине, бұл назардан тыс қалмайды. Ресей Федерациясы осы нормалар туралы айтқанды ұнататын еуропалық серіктестеріміздің назарын аударатын болады", - деді ол.
Федерация Кеңесі комитетінің қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі мүшесі Франц Клинцевич Sputnik Эстонияның төңірегіндегі жағдайды ақпараттық соғыс элементтерімен байланысты мақсатты қудалау деп атады.
"Олар ресейлік журналистер ұсынатын объективтілікке төтеп бере алмайды. Оларға шындықтың қажеті жоқ. Олар әр түрлі құқық бұзушылықтарды ойдан шығарып, журналистерді қудалауға тырысып жатыр. Бұл цензура, оның үстіне Ресейдің беделін түсірумен байланысты мақсатты цензура", - деп атап өтті депутат.
Сенатор Ресей журналистерді қорғайтынын айтты.
"Әрине, біз журналистерді қорғаймыз және бұған жол бермейміз. Ол үшін бізде көптеген құрал бар", - деп түйіндеді Клинцевич.
Бұл пікірді мемлекеттік думаның депутаты, журналист Евгений Ревенко қолдады.
"Бұл сөз бостандығына және адамның жұмыс орнын таңдау еркіндігіне жасалған қысым. Эстония билігі сөз бостандығын ұмытып кетіп жатыр. Бұған жол беруге болмайды деп санаймын", - деді ол.
Саясаттанушы, ТВЦ телеарнасындағы "Право знать!" бағдарламасының жүргізушісі Дмитрий Куликов Ресей Эстонияға қарсы санкция салуы мүмкін деп болжап отыр.
"Эстония мемлекеті бұл үшін жауап беруі керек деп санаймын. Ал Ресей мемлекеті батыл әрекет жасауы керек. Журналистерді ешқандай себепсіз қылмыстық қудалау қаупі – сөз бостандығына бұрын-соңды болмаған қысым. Меніңше, біздің реакция қатал болуы керек", - деп мәлімдеді ол.
Ол экономикалық санкцияларды мысал ретінде келтірді.
"Мәселен, Эстония арқылы өтетін транзиттің әлі де қандай да бір қалдықтары қалған болса, олар да тоқтатылуы тиіс", - деп түйіндеді Куликов.
Sputnik Эстонияға қатысты жағдай
Эстония билігі Sputnik Estonia қызметкерлеріне ескерту жасады. Атап айтқанда, "Sputnik Estonia қызметкерлері полиция және шекара күзету департаменті басшылығынан хат алған. Онда редакция қызметкерлері 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігімен еңбек келісімшартын бұзбаса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені жазылған.
Билік мұндай қадамға бару себебін 2014 жылдың 17 наурызында Украинада болған жағдайға қатысты бірқатар жеке және заңды тұлғаларға Еуропалық одақ қабылдаған санкцилар себеп болғанын айтады.