НҰР-СҰЛТАН, 17 желтоқсан — Sputnik. Атақты француз актрисасы және жануарлар қорғаушысы Брижит Бардо Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.
13 желтоқсанда жарияланған ашық хатта Брижит Бардо Қазақстанда көше кезген бұралқы жануарлар жауыздықпен өлтірілетінін жазған. Хат қордың сайтында жарияланды, сондай-ақ француз және қазақ тілдерінде Sputnik Қазақстан редакциясына келіп түсті.
"Сіздің елдегі қаңғыбас жануарлардың тағдырын білгендегі үрей мен үмітсіздік мені осы хатты жазуға итермеледі. Иттер мен мысықтардың жауыздықпен ұсталып, варварлық жолмен өлтірілгеніне куәлік ететін фактілер бізге түсіп жатыр. Осылайша көшелерді ит-мысықтардан тазалайтын "Жануарларды бақылау" қызметтеріне көп ақша төленеді", - делінген хатта.
Хатта қинап өлтірген жануарлардың суреттері де жүр. Бұдан бөлек, бірқатар жантүршігерлік фактілер жазылған, мәселен, Атырау мен Оралда ит-мысықтарды тірідей өртеп жіберген.
"21 ғасырда осындай азаптауларға жол беруге бола ма? Францияда немесе әлемнің басқа елінде бұндай әрекеттерді жасаған адамдар психопат болып танылып, емделуге жіберіледі болмаса ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылады", - дейді Бардо.
Бардо Тоқаевтан далада қалған жануарларға қатысты адамгершілік танытуды сұрайды.
"Гуманды жол дегеніміз – бұл зарарсыздандыру, таңбалау, бұралқы жануарларды қорғауға қатысты құқықтарды кеңейту. Қазіргі уақытта ит-мысықтарды жоюға бөлініп жатқан қаржыны осы бағыттарға жұмсауға болады", - дейді зооқорғаушы.
Сонымен қатар Бардо өзінің жануарларды қорғау ұйымының көмегін ұсынған.
"Менің қорым қазіргі стратегияны өзгертуге көмектесуге әзір. Сіздің еліңіздің қорғаушыларымен бірге жануарларды қорғау туралы жаңа заң әзірлесеңіздер жөн болар еді", - деп өтінген Бардо.
Бардо Тоқаевтен бұл істі кейінге қалдырмауды сұрайды, ол қор өкілін Қазақстанға жіберуге дайын.
"Мен сізден тез және оң жауап күтемін және өз қорымның өкілін жіберуге әзірмін. Ол бұралқы ит-мысықтарды аяусыз өлтірмей, оларды бақылаудың амалдарымен бөліседі. Президент мырза, менің көңілімді қалдырмаңыз!", - деп аяқтаған хатын Бардо.
Брижит Бардо
Бардо — француз актрисасы, әнші, фотомодель және жазушы. Ол 1970 жылдан белсенді түрде жануарларды қорғаумен айналыса бастайды, "Брижит Бардо қоры" ұйымын құрады.
1934 жылы 28 қыркүйекте туған, қазір Брижит Бардо 85 жаста.