Әлем

АҚШ-тың жаңа зымырандары әлемге қандай қауіп төндіреді?

© Sputnik / Стрингер / Медиабанкке өтуБаллистикалық зымыранның ұшырылуы, архивтегі сурет
Баллистикалық зымыранның ұшырылуы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жуырда Калифорниядағы Ванденберг әуе базасынан жаңа баллистикалық зымыранның тәжірибелі үлгісі ұшырылды. Мобильді жерүсті қондырғыдан ұшырылған зымыран бес жүз шақырымды еңсеріп, Тынық мұхитына құлады

НҰР-СҰЛТАН, 16 желтоқсан – Sputnik. Әуе базасының өкілі зымыран орта қашықтыққа ұшатын қару екенін мәлімдеді. Бірнеше ай бұрын ғана оны қолдануға  рұқсат етілмеген еді, деп хабарлайды РИА Новости.

АҚШ бұрыннан дайындалған

Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнің күші 2 тамызда АҚШ бастамасымен тоқтатылды. Америка Ресейді келісімнің  шарттарын бұзды деп айыптаған болатын. Десе де Вашингтон келісімге қатысуды 2019 жылдың наурызында тоқтатқан. Сол кезде америкалықтар дереу жерүсті жаңа зымыранын жобалауға кірісетінін жария етіп, жүйе бірнеше жылдан кейін дайын болатынын нақтылаған еді. 

Алайда алғашқы зымыран тоғыз айға жетер-жетпес уақытта пайда болды. Мұның өзі де түсінбестік туғызатыны жасырын емес. Әрине, америкалық конструкторлар бұл іске білек сыбана кірісіп, жобаны жеделдетуі мүмкін, бірақ аз уақыт ішінде эксперименталды үлгіні бастан-аяқ жобалап, құрастырып, сынақтан өткізу мүмкін емес.

Сарапшылар мен саясаткерлердің пікірінше, америкалықтар келісімде тыйым салынған зымырандарды дайындауға аталған шарттан шықпай тұрып, көп уақыт бұрын кіріскен. Сынақтан кейін Қытай СІМ Пентагон басшысы Марк Эспердің түсініктемесін "қисынсыз" деп атады.

Тағы оқыңыз: АҚШ-Ресей: Қазір қандай санкциялар салынып жатыр

"АҚШ осы жылдың 2 тамызынан келісімнен шығатынын жария еткенде,  Пентагон жерүсті зымыранын екі рет сынақтан өткізді. Эспер АҚШ бұған ақпан айынан бері дайындалғанын мақтанышпен мәлімдеді. Осыған назар аударуды өтінемін: АҚШ келісімнен шығатынын тек 2 тамызда ғана ресми түрде хабарлады, ал бірақ дайындық ақпан айынан басталған. Бұл тағы да АҚШ-тың келісімнен шығуды ертерек көздегенін растайды", - деп атап өтті ҚХР СІМ өкілі.

Орта қашықтық

Шынымен де, тамызда Пентагон бес жүз шақырымнан астам қашықтыққа  ұшатын қанатты зымыранды сынақтан өткізді. Бұл Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімге қайшы келеді. Ресейдің сыртқы істер министрлігі мұны "АҚШ келісімді бұзуға баяғыда және саналы түрде дайындалғанының айғағы" ретінде бағалады.

"Аз уақыт ішінде осыған ұқсас шараларды іске асыру мүмкін емес, егер олар  алдын-ала дайындалмаса, әрине. Осылайша, біз Вашингтонда АҚШ-тың келісімнен шығуына тек саяси және насихаттық қана емес, материалдық әскери-техникалық дайындық та ұзақ уақыт бойы жүргізілгеніне куә болып отырмыз", - деп мәлімдеді СІМ.

АҚШ-тың келісімнен шығу жоспарын 2018 жылы Америка армиясының қолбасшылығы ұйымдастырған жаңа зымыран қаруларының презентациясы да жанама түрде растады. Пентагон ол кезде Strategic Fires Missile жедел-тактикалық мақсаттағы перспективті басқарылатын зымыранды таныстырған еді. Зымыранның ұшу қашықтықты 500-ден 2250 шақырымға дейін, яғни орта қашықтықтағы зымыран саналады. Бұған қоса, ол қарудың суреті қазір сыналған зымыранның суретімен әжептәуір ұқсас.

BMPD мамандандырылған блогы сарапшыларының мәліметінше, бұл жобамен америкалық Northrop Grumman Innovation Systems компаниясы айналысады. Болжам бойынша, зымыранның негізіне америкалық баллистикалық зымыран-нысаналарда қолданылатын Castor-4В қатты отынды үдеткіш баспалдағы алынған. Ресейде бұл зымырандарды Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімді бұзатын орта қашықтықтағы зымырандардың прототипі ретінде қарастырады.

"Искандердің" баламасы

Мұның үстіне, америкалықтар аз қашықтықтағы зымыран ретінде сипатталатын қаруды бұрыннан дайындап жатыр. 2018 жылғы презентацияда Пентагон 70-тен 499 шақырымға дейін ұшатын Precision Strike Missile (PrSM) жедел-тактикалық зымыранын таныстырды. Шындығында зымыран жеті жүз шақырымнан аса қашықтықтағы нысананы жоя алады.

Бұл зымыранды Lockheed Martin компаниясы 2017 жылдан бері шығарады. Бұл ретте АҚШ армиясының қаруландыруында 1990 жылдардың басынан бері тұрған MGM-140 ATACMS тактикалық зымыран кешенін алмастыратын жоғары дәлдікті қарудың жаңа буыны туралы сөз болып отыр.

Тағы оқыңыз: Трамп Тоқаевқа жеделхат жолдады

PrSM зымыраны да сынақтан өтті. Зымыран 240 шақырым ұшып өтіп, нысанаға дөп тиді.

Аз қашықтыққа ұшатын перспективті зымыранды тағы бір америкалық компания Raytheon дайындау үстінде. Сынақ 2020 жылға жоспарланған. Пентагон қазір таңдау жасап жатыр, бірақ америкалық армия жаңа қаруды 2023 жылдан кеш алмайтыны мәлім болды.

PrSM зымыранын ресейлік "Искандер-М" зымыран кешенінің аналогы деп те атауға болады. Вашингтон Мәскеуді қанатты зымыранның жетілдірілген нұсқасы Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнің талаптарын бұзады деп айыптаған еді. Олардың уәжіне сүйенсек, зымыранның ұшу қашықтығы рұқсат етілген 500 шақырымнан асып кетеді-міс.

Мәскеу бұл айыптауды жоққа шығарды, қорғаныс министрлігі, тіпті  зымыранның кейбір сипаттамасын жария етті. Мәселен, Зымыран әскері және артиллерия бастығы Михаил Матвеевский қанатты зымыранды жаңғырту дәлдік сипаттамалары мен жауынгерлік бөлігінің қуаттылығын арттыруға бағытталғанын мәлімдеді. 9М728 және 9М729 зымырандары негізгі агрегаттардың көпшілігі бойынша сәйкестендірілген. Ал 9М729 зымыранының максималды ұшу қашықтығы салмағының ұлғаюына байланысты 480 шақырымға дейін қысқартылған.

Ресей, тіпті, бұрын-соңды болмаған қадамға барып, АҚШ-қа 9М729 зымыранымен жабық режимде танысып, оның келісім талапртарына сай екеніне көз жеткізуді ұсынды. Алайда америкалықтар бас тартты.

Жаңалықтар
0