НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. "Astana Motorsports" командасының директоры, әрі капитаны Артур Ардавичус 800 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілікті. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мәлімдеді.
Қомақты қаражат осыдан екі жыл бұрын елдегі автоспортты дамыту үшін бөлінген. Ал команда директоры оны қазақстандық және шетелдік компаниялар арқылы шығарып, иемденіп алған дейді құзырлы мекеме өкілдері.
Тағы оқыңыз: Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары іздеуде жүр
Түсініктеме беру үшін бірнеше рет шақырылса да, спортшы шетелде екенін желеу етіп келуден бас тартқан, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Артур Ардавичус қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін жеткілікті дәлелдерді ескере отырып, оған қатысты сырттай "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Халықаралық іздеуге жариялау туралы материалдар сотқа жіберілді", - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов.
Айта кетейік, "Astana Motorsports" командасы "Астана" президенттік клубының құрамына кіреді. Оны "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қоры қаржыландырады. Команда капитаны Артур Ардавичус 2012 жылы "Дакарда" қола жүлде иеленген.