НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың алғашқы құрылысына атсалысушылармен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш президенті үзеңгілестерімен бірге елорданың құрылуы және даму тарихына арналған көрмені аралады. Онда Елбасы кітапханасының музейі, мұрағаты және кітапханасы қорынан мыңға жуық экспозиция қойылған.
Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш президенті астананың алғашқы құрылысына атсалысушыларға арнайы "Назарбаев орталығының" экспозициялық алаңында экскурсия өткізді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ, Елбасы елорданы Алматыдан Ақмола қаласына көшірген кездер жайлы естеліктерімен бөлісті.
"Жақын серіктестерім мен адал үзеңгілестерімді көргеніме өте қуаныштымын. Сіздер әсем қаламызды салу барысында әрқашан маған сенімді қолдау көрсеттіңіздер", - деп Elbasy.kz Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен үзінді келтірді.
10 желтоқсан барлық қазақстандық үшін, әсіресе елорда тұрғындары үшін ерекше күн. Осыдан тура 22 жыл бұрын елорданы Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми көшіру жүзеге асырылды. Осылайша 300 мыңға жуық халқы бар шағын қала республикамыздың жаңа астанасына айналды.