Оқу-білім жолында
Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы "Қызыл ту" ауылында (қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы – Sputnik Қазақстан) дүниеге келген. Арғы аталары Дәндебай мен Қуан ел арасында абыройлы, дәулетті кісілер болған. Ал әкесі Аймауыт кедейшіліктің қамытынан құтыла алмады. Бұның бәрі Жүсіпбектің жолына да әсер етпей қоймады. Жастайынан арабша хат таныса да, мектепке кеш барды. Бірақ алғашқы өлеңін 13 жасында жазды.
"Ең алғаш 13 жасымда дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп әкесін режіткен қызды (Ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қып жазғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде", - деп жазды Жүсіпбек Аймауытов бір естелігінде.
1907 жылдан бастап Баянауылдағы қазақша-орысша екі кластық мектепте, одан кейін Керекудің қазыналық ауыл шаруашылық және екі кластық қазақ-орыс мектебінде тиіп-қашып оқиды.
Бір жағынан бала оқытып, қосымша қаражат тауып жүрді. Ал 1911 жылы ауылға мұғалім болып барады. Үш жылдан кейін Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданды. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.
Елдің жұмысына араласа бастады
Жүсіпбек Аймауытов Семейде жүргенде Алашорданың жұмысына араласады. Мұхтар Әуезовпен бірге "Абай" журналын шығарды. Осы журналда "Екеу" деген бүркеншік атпен екеуі Абай туралы бірнеше көлемді мақала шығарып, ұлы ақынның мұрасын кеңінен насихаттады. Пушкин орыс әдебиетінде қандай тарихи қызмет атқарса, Абайдың да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғанын дәлелдеді. Осылайша, Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиетінде Абайдың шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырды.
30 жасында Алашордадан бөлініп, Коммунистік партияның қатарына өтіп кетеді. 1920 жылы Қазақстан кеңестерінің құрылтай съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады. Одан кейін Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), "Қазақ тілі" газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922—1924), Ташкентте шыққан "Ақ жол" газетінің бөлім меңгерушісі (1924—1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926—1929) қызметтерін атқарды.
Жүсіпбектің шығармашылығы
Әлеуметтік төңкерістер мен ұлы революциялар заманында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді.
Оның педагогика, психология және методика саласында жазған ірі еңбектері өз уақытында елеулі рөл атқарды. Олардың ішінде "Тәрбиеге жетекші" (1924), "Психология" (1926), "Жан жүйесі және өнер таңдау" (1926), "Тәрбиеге жетекші" (1924 ), "Психология" (1926 ), "Жан жүйесі және өнер таңдау" (1926) және тағы басқа іргелі зерттеу жұмыстары бар.
Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын аударып шықты.
Отбасы туралы не білеміз?
Жүсіпбек Аймауытовтың жұбайы – Евгения Қарабатыровна. Ол отбасылық суреттер мен Жүсіпбектің жеке заттарын ұзақ уақыт сақтап келген. Ал 1991 жылы Павлодар қаласына барып, баға жетпес қазынаны Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне тапсырды.
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Тағдыр репрессияға ұшыраған Жүсіпбек Аймауытовтың балаларын әр жаққа таратып жіберген. Оның үлкен ұлы – Бектұр көп қасірет шеккен. Әкесі "халық жауы" деп танылғаннан кейін Бектұр Аймауытов он жылға Сібірге жер аударылған. Ол тек 78 жасында ғана Отанына оралды.
Жүсіпбектің екінші ұлы – Жанақ еңбек армиясына жіберілген. Ол да ұзақ уақыт қорқынышпен өмір сүріп, біраз қиындық көрген. Ал Аймауытовтың кіші қызы – Мәруа (Мағрипа, Муза) әкесі репрессияға ұшырағанда төрт-ақ жаста болды.
Жүсіпбек Аймауытов Шымкент педагогикалық техникумының директоры болып жүргенде аяқ астынан саяси жалаға ұшырайды. 1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы атылды.
"Маған тағылған кінәмен таныстым. Өзімді айыптымын деп санамаймын", - деп жазды Аймауытов өзінің соңғы сөзін.