Түркия проблемасы бойынша ішкі қарама-қайшылықтардың күшеюі, Ресей және Қытаймен қатынасты реттеу, әскери шығындар деңгейі, альянсты одан әрі кеңейту, оның түрлі миссияларға қатысуы, бірінші кезекте Ауғанстанда – бұл 4 желтоқсанда Ұлыбританияда өткен мерейтойлық Солтүстік Атлант шарты ұйымы (НАТО) саммитінің негізгі тақырыптары.
Макрон және НАТО
Талқыланған проблемаларға өткірлікті Франция президенті Эммануэль Макрон қосты. Бастапқыда ол The Economist журналына берген сұхбатында "НАТО ұйымы одақтастар арасындағы үйлесімді толық жоғалтып алды, бұны "мидың өлімі" деп сипаттауға болады" деп мәлімдеді.
Бұны Америка Құрама штаттарының президенті Дональд Трамп, Германия федеративтік республикасының канцлері Ангела Меркель,Түркия президенті Режеп Ердоған және әрине альянс бас хатшысы Йенс Столтенберг теріс қабылдады.
Олар бұндай қатаң бағалаумен келіспейтінін мәлімдеді. Дегенмен Трамптың өзі бұған дейін НАТО-ны "ескірген институт" деп атаған болатын.
НАТО мен Түркия
НАТО ішінде барлығы Түркияға әрдайым сақтықпен қарайтынын атап өткен жөн. Бұған альянсқа мүше мемлекет – Грекиямен қарама-қайшылығы да себеп болып отыр.
Анкара өзі НАТО-ға мүше бола тұра, ұйымға қатысушы елдерге жиі кедергі келтіріп отырады. Тіпті Түркия халықаралық коалициялық күштерге өз аумағын пайдалануға тыйым салған да болатын.
Тағы оқыңыз: Ақпарат майданы: Еуропада не болып жатыр
Ал Сирия дағдарысы бұл проблеманы тек ушықтырды. Мәселен, президент Ердоған НАТО саммиті қарсаңында альянс басшылығына қоқаң-лоққы көрсетті.
Оның ұйымдағы өкілі Балтық елдері мен Польшаны қорғау бойынша жоспарды бұғаттап тастады. Есесіне ол өз-өзін қорғаған халықтан құрылған күрд жасақтарын лаңкестік ұйым деп тануды талап етті.
Саммит нәтижесінде Балтық елдері мен Польшаның қорғаныс жоспары келісілді. Ал Түркия және күрдтер мәселесін жеке талқылау туралы шешім қабылданды.
НАТО-ның әскери шығыны
2020 жылы НАТО елдерінің қорғаныс шығындары 130 млрд долларға, ал 2024 жылы 400 млрд долларға артады деп жоспарланып отыр. Бұл 2016 жылмен салыстырғандағы көрсеткіш. Яғни, алдағы жылы альянс елдерінің барлық әскери шығыны шамамен 1,4 трлн долларды құрайды.
Бұған қоса, НАТО саммитінде Қытай, Ресей, қарулану және ғарыш мәселесі талқыланды.