НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаевтың экс-кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Украинаның сыртқы істер министрлігінің Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қатысты мәлімдемесі туралы пікірін айтты.
Бұған дейін Deutsche Welle-ге берген сұхбатында Тоқаев Қырымдағы жағдайды аннексия деп айтуға болмайды деген еді.
"Аннексия сөзін Қырымға қатысты қолдану тым ауыр", - деді ол.
"Мен Украинаның сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемені неге ауыр қабылдағанын түсіне алмаймын", - деді Ертісбаев Sputnik Қазақстанға.
Ол Қазақстан Назарбаев басшылық еткенде де, Тоқаев басшылық еткенде де Қырымды ресми түрде Ресей федерациясының бөлігі деп танымағанын айтты.
"Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның позициясы өзгерген жоқ. Бұл біздің еліміздің ресми ұстанымы", - деді Ертісбаев.
Тағы оқыңыз: Қытайдағы қазақтардың мәселесі: Тоқаев өз ойын айтты – видео
Оның ойынша, Тоқаевтың сөзі ресми мәлімдеме емес.
"Кешегі сұхбат туралы айтар болсам, ол мәлімдеме емес, сұхбат болды. Тоқаев – тәжірибелі дипломат. Ол "аннексия" сөзі Қырымдағы жағдайға қатысты өте ауыр сөз екенін айтты. Өйткені аннексия бір елдің аумағын күшпен өз құрамына қосып алу", - деді Ертісбаев.
Ермұхамет Ертісбаев екі жыл бойы Қазақстанның Беларусь еліндегі елшісі болды. Ол кезде Беларусь президенті Александр Лукашенко Қырымға қатысты пікірін айтқан болатын.
"Лукашенко: "Егер украиналықтар, Қырымды өзінің аумағы деп санаса, өз жері үшін соғысуы керек", деп айтқан болатын. Алайда бұл сөзге қатысты Украинаның сыртқы істер министрлігінің Беларуське демарш жариялағаны есімде жоқ. Керісінше, Минскте сәтті келіссөздер жүргізіледі ", - деді Ертісбаев.
Президенттің экс-кеңесшісі Украина мен Қазақстанның арақатынасында шиеленіс болмайды деп есептейтінін жеткізді.