Саясат

Тоқаев Қазақстанның Ресейден қандай көрсеткіш бойынша алда екенін айтты

© Sputnik / Айгюзель Кадир Флаги Казахстана и России на XVI форуме межрегионального сотрудничества
  Флаги Казахстана и России на XVI форуме межрегионального сотрудничества - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының қарсаңында "Немецкая волна" телерадиокомпаниясына сұхбат берді

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Бүкіләлемдік банктің бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау сапасын анықтайтын рейтингісінде Қазақстан әлемде 25-орында. Бұл көрсеткіш бойынша Ресейден алда тұрмыз, деп мәлім етті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сұхбат барысында Қазақстанның ішкі саясатына қатысты да бірқатар мәселе сөз болды. Атап айтқанда, саяси жүйе және экономикалық құрылыс моделі ресейлік пе, әлде еуропалық па – қайсысы еліміз үшін жақын деген мәселеге Тоқаев өзіміздің қазақстандық үлгіге бейілділік танытатынын айтты, деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

© Photo : Берік Уәлидің әлеуметтік желідегі парақшасынанҚасым-Жомарт Тоқаев "Немецкая волна" телерадиокомпаниясына сұхбат берді
Тоқаев Қазақстанның Ресейден қандай көрсеткіш бойынша алда екенін айтты - Sputnik Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев "Немецкая волна" телерадиокомпаниясына сұхбат берді

"Біз өзіміздің үлгіні жасауға тырысамыз. Демократияны дамытуға ұмтыламыз. Айтпақшы, кейбір журналистердің әртүрлі пікірлеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында демократия бар. Елімізде біз қолдау көрсетіп отырған 3500-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, экономистер енген. Мен олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын. Doing business (бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау сапасын анықтайтын Бүкіләлемдік банк индексі) көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 25-орында. Бұл коэффициент бойынша Ресейден алда тұрмыз", – деді президент.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саяси бағдарының басымдықтары туралы егжей-тегжейлі айтқан.

Сұхбат барысында канцлер Ангела Меркельмен жүргізетін алдағы келіссөздер, екіжақты қарым-қатынастардың ахуалы сөз болды.

"Германия – Қазақстанның негізгі еуропалық серіктесі. Германияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сапар барысында құны шамамен екі миллиард доллар болатын келісімдер мен меморандумға қол қойылады деп үміттенемін", - деді ол.

Айтуынша, жалпы, Қазақстан мен Еуропалық одақтың қарым-қатынасы өте жақсы. 2018 жылы Қазақстанның Еуроодақпен жасаған сауда көлемі 37 миллиард доллардан асты. Бұл – еліміздің бүкіл сыртқы сауда айналымының жартысы. Біздің экономикамызға салынған Германия инвестициясының 80 пайыздан астамы шикізат емес секторға тиесілі.

"Германия машина жасау, ресурстық материалдарды өңдеу және басқа да салалар бойынша әлемдік көшбасшы саналады. Сондықтан біз бұл елмен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Барлық мүдделі салаларды әлеуеті зор неміс инвесторларына ұсынатын боламыз. Сонымен қатар оларға ерекше жағдай жасап, оншақты арнайы экономикалық аймағымыздан орын береміз", – деді Тоқаев.

Тоқаев Германияға қашан барады?

Биылғы 5-6 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Германия федеративтік республикасына ресми сапармен барады. Сапар барысында канцлер Ангела Меркельмен келіссөз жүргізіледі. Сонымен қатар президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Бундестаг төрағасы Вольфганг Шойблемен кездеседі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 6 желтоқсанда Берлинде көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, Германияның мемлекеттік органдары өкілдері, "Германия – Орталық Азия" парламенттік достық тобы мүшелерінің алдында сөз сөйлейді. Берлин еуразиялық клубының 28-отырысына қатысады. Сондай-ақ, неміс компанияларының басшыларымен кездесу өткізеді.

Жаңалықтар
0