НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Немцова. Интервью" бағдарламасы аясында Deutsche Welle-ге сұхбат берді.
Сұхбат барысында журналист Тоқаевтан Нұрсұлтан Назарбаевпен арақатынасы туралы сұрады.
"Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның негізін қалаушы. Ол – Елбасы, зор қызметке лайық. Мен заңды түрде сайланған президент, мемлекет басшысы, жоғары қолбасшымын. Арамызда ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Бір-бірімізбен ақылдасатынымызды жасырмаймын. Қос билік жоқ", - деді Тоқаев.
Жанна Немцова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Астана атауының Нұр-Сұлтан деп өзгертілуі туралы сұрақ қойды.
"Астанадағы әуежайға Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілген, 1 желтоқсан –тұңғыш президент күні. Бұл жеке адамға табынушылық емес пе?", - деді ресейлік журналист.
"Жоқ, мен келіспеймін. Михаил Шолохов "жеке тұлғаға табыну болды ма?" деген сауалға: "тұлға болды ғой" деп жауап берген. Нұрсұлтан Назарбаев – ірі тарихи тұлға", - деді Қазақстан президенті.
Сондай-ақ, президент елордаға келген уақытын еске алды.
"Біз астана атауын Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқан соң өзгерттік. Мен жаңа президент ретінде осындай ұсыныс жасадым. Біз астанаға алғаш келгенімізде өте шағын қала еді. Астананы көшіру батыл шешім болды. Геосаяси шешім деуге болады", - деді ол.