НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан – Sputnik. Бірінші вице-премьер, қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстан президентінің тапсырмасы аясында кімдер табыс салығынан босатылмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2020 жылдың басынан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылады. Жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары босатылмайды", - деп мәлімдеді Смайылов үкімет отырысында.
Сондай-ақ, министр шағын және орта бизнеске үш жылға тексеріс жүргізуге мораторий жарияланатынын еске салды. Кедендік тексеріс, кезікпе салық тексерісі, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің өтініші бойынша өз қызметіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістер қала береді.
Сонымен қатар, министрлік 2020 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында салық төлеушінің электронды әмиянын енгізуді жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Енді шағын және орта бизнестен түсетін салық жергілікті бюджетке беріледі
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында үкіметке микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босату туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.
Әлихан Смайылов шағын бизнесті салықтан босатсақ, 2020 жылы ел бюджеті 200 миллиард теңгеден қағылатынын мәлімдеген еді.
Салық заңнамасына сәйкес, 15 адам жұмыс істейтін және жылдық табысы 30 мың АЕК-ке дейін немесе 76 миллион теңгені құрайтын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар микробизнеске жатады.
Ал 100 адамға дейін жұмысшысы бар, жылдық табысы 300 АЕК-ке дейін немесе жылына 757 миллион теңге болатын ұйымдар шағын бизнес саналады.