НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентте өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші консультативтік кездесуіне қатысты. Тұңғыш президент 15 наурызда жаңа мереке – Орталық Азия күнін атап өтуге шақырды, деп хабарлайды elbasy.kz сайты.
Шағын құрамдағы кездесу қорытындысы бойынша төрт елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевқа Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік жиналысының құрметті төрағасы мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін делегация басшылары кеңейтілген форматта кездесу өткізді.
Консультативтік кездесуде сөйлеген сөзінде Қазақстанның тұңғыш президенті жоғары деңгейдегі шараға қатысуға шақырғаны үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Қазақстанның астанасында бастау алған диалог Орталық Азия тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.
"Ол ынтымақтастығымызды түбегейлі жақсартты. Диалог біздің елдеріміз үшін достығымыздың ғасырлар бойы өмір сүретіндігін аңдатты. Барлық деңгейдегі байланыстарды күшейту басталды", – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың даму тарихы туралы айтты.
Кездесуге қатысушы мемлекеттердің әлеуетін біріктіре отырып, барлық елдердің әл-ауқатын арттыру мақсатымен Қазақстанның тұңғыш президенті "ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім" жасасуды ұсынды.
"Бұл саяси құжат біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі принциптері мен мақсаттарын көрсетуі керек. Келісімге елдеріміздің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу туралы ережелер енеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тағы оқыңыз: Назарбаевқа жаңа құрметті мәртебе берілді
Сонымен қатар, Елбасы өңірдегі қауіпсіздікті нығайту үшін келесі жылы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуін өткізуді ұсынды.
Бұған қоса, Қазақстанның тұңғыш президенті қатысушы елдердің үкіметтерін демографиялық дамудың жоғары қарқынына байланысты туындаған проблемаларға назар аударуға шақырды.
"Тауарлардың, қызметтердің және капиталдың қозғалысына тосқауыл болатын кедергілерді алып тастау арқылы "кедергісіз Орталық Азияны" қалыптастыру керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы барлық мемлекет басшыларын 15 наурызда жаңа мереке – Орталық Азия күнін атап өтуге шақырды.
Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Осы бағытта Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарында әр елдің студенттеріне он гранттан бөлуді ұсынды.
"Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіруде. Десе де, ол өзінің мәдени, тарихи және рухани өзегін сақтайтыны сөзсіз. Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақтанышымызға айналатын керемет мегаполике айналмақ. Осыған орай, Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын", – деді Қазақстанның тұңғыш президенті.
Сөз соңында Елбасы Орталық Азия елдерінің мұралары аясын кеңейту және тереңдету қажеттігіне тоқталды.