НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздардың жалақысы қалай көтерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасында материалдық ынталандыру тетіктері қарастырылған. Соның аясында бірінші кезекте мұғалімдердің еңбекақысын төрт жыл ішінде екі есе арттыру жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап ұстаздардың айлығы жыл сайын 25 процентке өседі.
"Әрине, осы мәселе бойынша педагогтардың ішінде біраз үрей де бар. Ол жалпы осы жалақыны көтергенде тек "БДО"-ны (базалық қызметтік айлық) ғана алып, соны ғана көтере салады деген әртүрлі ой бар. Бұл мәселе президенттің тапсырмасы бойынша мұғалімнің жалпы еңбекақысына қатысты болады деп айтқымыз келеді. Қаңтар айынан бастап осы жұмыс басталады", - деді Аймағамбетов мәжілістің пленарлық отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, негізгі материалдық ынталандыруларға сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақылар кіреді. Осы төлемдер екі есе өседі.
"Сондай-ақ, барлық ұстаз үшін демалыс кезеңін 56 күнге дейін ұлғайту бар. Бұл норма біздің 110 мың әріптестерімізге қатысты. Бүгінде ол кісілер 42 күн ғана демалатын болса, енді олар да 56 күн демалыс алады. Тәлімгерлік үшін қосымша ақы беру ұсынылады. 17 мың теңгені жыл бойы тәжірибелі педагог тәлімгелер алады деген жоспар бар", - деп атап көрсетті білім министрі.
Тағы оқыңыз: Министр мұғалімдердің өмірі қалай өзгеретінін айтты