НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірдегі педофилиямен бейнебақылау камералары арқылы күресіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және атқарылып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Серікбай Трұмовқа ыңғайсыз сұрақтар қойды.
"Соңғы бес жылда Маңғыстау облысында 44 педофил ұсталыпты. Жергілікті тұрғындарға қауіп бар ма? Бұл мәселемен қалай күресіп жатырсыздар?", - деп сұрады БАҚ өкілі.
Әкім мұндай мәселе бар екенін айтып, педофилиямен қалай күресіп жатқанын жеткізді.
"Шынын айтқанда, бұл күрделі мәселе. Құқық қорғау органдары тиісті шаруаларын жүргізіп жатыр. Оларды алдын ала анықтау өте қиын. Сондықтан қалада бейнебақылау камералары жұмыс істейді", - деді Трұмов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, соңғы кездері өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 600 бейнебақылау камерасы орнатылды.
"Бұл осындай қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді деп үміттенемін. Бұл - қоғам боп күресетін мәселелердің бірі", - деді өңір басшысы.
Мектеп ауласындағы дәретханалар
Сондай-ақ, брифинг барысында БАҚ өкілдері облыс әкімінен мектеп ауласындағы әжетхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады.
"Мәліметке сәйкес, Маңғыстау облысында 42 мектептің дәретханасы сыртта орналасқан. Жақында білім және ғылым министрі мұндай әжетханаларды еліміз бойынша жабу қажеттігін айтты. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірсеңіз", - деді журналист.
Тағы оқыңыз: Таразда мектеп дәретханасында оқушы қызды зорлаған еркек видеоға түсіп қалды
Трұмовтың айтуынша, Маңғыстау облысында екі қала мен бес аудан бар.
"Онда жалпы 145 мектеп бар. Ақтау мен Жаңаөзендегі мектептерде мұндай өзекті мәселе жоқ. Бұл мәселе аудандарға байланысты. Менің есебім бойынша, 36 мектепте дәретхана сыртта орналасқан. Әрине, тапсырма бар. Біз алдағы уақытта тиісті қаражат бөліп, осы әжетханаларды мектептің ішіне орналастыру бойынша тиісті жұмыс жүргіземіз. Бұл мәселені шешуге толық мүмкіндік бар", - деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.