Экономика

Тек әйелдерге берілетін ипотека: бағдарламаның шарттары белгілі болды

© Sputnik / Антон Денисов / Медиабанкке өтуЖенщина открывает дверь
Женщина открывает дверь - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ипотеканың жеңілдетілген шартына табысы төмен әйелдер ие бола алады. Бастапқы жарна 15-20 процент шамасында болуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша — Sputnik. Жаңа бағдарлама аясындағы әйелдерге арналған ипотеканың бастапқы жарнасы 15-20 процент болады. Қарыз жаңа үйге де, біреудің пәтерін сатып алуға да беріледі.

Ипотека кімге беріледі

Әйелдерге жеңілдетілген шарттармен ипотека беру жоспарланып отыр.

Берілетін кредиттің ең көп сомасы – 30 миллион теңге, деп хабарлады Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі.

Бастапқы жарна:

  • 15%, табыс 200 мың теңгеден аз болса  (516 доллар);
  • 20%, табыс 200 мың теңгеден көп болса.

Қарыз бойынша проценттік үстемақы мөлшері белгісіз. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ең жоғары үстемақы - 8,5%.

Банкте ешбір бағдарламаға қатыспай, нарық шарты бойынша кредит алу үшін пәтер құнының тең жартысын жинау керек.

Қолжетімді кредит қанша әйелге беріледі

Бұл кредит төрт мыңға жуық әйелге беріледі деп жоспарланып отыр.

Азия даму банкі "Гендерлік теңдікке тұрғын үйді қаржыландыруда жәрдемдесу" жобасы аясында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 38 миллиард теңге (100 миллион доллар) кредит береді.

Бағдарламаның мақсаты қандай

Қазақстанда 9,1 миллион әйел бар. Оның 4,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Жартысы отбасын асырап отыр, деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова.

"Әйелдер әлі де ерлер алатын жалақының үштен бір бөлігін ғана алады.  Табыстың төмен болуы әйелдерге пәтерге кредит алудың қиынырақ екенін көрсетеді. Сондықтан біз Азия даму банкімен бірлесе отырып, еліміздегі әйелдерге қолдау көрсетуді жөн деп шештік. Азияда мұндай жоба алғаш рет қолға алынып отыр", - деді ол.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кредит алғандардың 60 мыңнан астамы – әйелдер. Олардың 64 проценті астана және Алматы сынды үлкен қалада тұрмайды.

"Сондықтан гендерлік бағдарлама бойынша қарыздың 60%-тен астамы ауыл әйелдеріне беріледі", - деді банктегілер.

Тағы оқыңыз: Банк басшысы 2%-тік ипотека алғысы келетіндерге аса маңызды үш кеңес берді

Бұдан бөлек, Азия даму банкі техникалық көмек ретінде 620 мың доллар көлеміндегі грант береді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы.

Азия даму банкі 1966 жылы құрылған. Қазақстан 1994 жылдан бері Азия даму банкінің мүшесі.

Жаңалықтар
0