НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Есірткі өндірісін Екібастұз қаласының тұрғыны ұйымдастырған, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Күдікті жалға алған тұрғын үй-жайды тінту кезінде синтетикалық есірткі өндіру үшін пайдаланылатын химиялық заттар, психотроптық зат салынған колбалар, химиялық формулалар жазылған дәптерлер, өлшеу таразылары мен газқағарлар, сондай-ақ есірткі дайындау кезінде қолданған жеке химиялық қорғау костюмі алынды.
Бұған қоса, жедел қызметкерлер сатуға дайындалған 1500-ден астам бір реттік есірткі мөлшерін тәркіледі.
"Мамандар синтетикалық есірткі жасау кезінде химиялық реакциялардың ерекшеліктеріне байланысты өздігінен жану және жарылу қаупі бар екенін айтты. Бөлінетін күйдіргіш газ адамның денсаулығына үлкен зиян келтіруі мүмкін", - делінген ақпаратта .
Сондықтан төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері зертхананы химиялық қорғау киімдерін киіп жойды.
Ұсталған азамат жалға берушіге автомобильдерге бояу жасаймын деген екен.
"Есірткі өткізуші өз «тауарын» қалада "тығып қалдыру" әдісімен интернет арқылы сатыпты. Тіпті, көтерме сауда партияларымен сатқан көрінеді. Мәселен, тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қалалық зираттан 315 грамм есірткі заты тәркіленді", - деп хабарлайды ведомство.
Тағы оқыңыз: Танымал актриса есірткімен ұсталды – оқиғаның мән-жайы
Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды.
«Есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату» ҚР қылмыстық кодексінің 297-бабы, 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оған сәйкес, мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қылмысқа қатысушыларды анықтау және ұстау бойынша жедел - іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.