МӘСКЕУ, 21 қараша – Sputnik. Ресейдің астанасында өткен инвестициялық форумда президент Владимир Путин әлемдік инвестициялық қауымдастық өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды РИА Новости.
Владимир Путин халықаралық күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерге қатысы пікір білдірді.
Ол Ресейдің ұлттық қорындағы қаржы мұнай-газ секторына бөлінбейтінін (санкция салдарынан шетелден импорттауға келмейтін технологиялардан басқа) атап өтіп, ондағы ақша инфрақұрылымды және жоғары технологиялы өндірісті дамытуға жұмсалатынын жеткізді. Айтуынша, әлемдік мұнай нарығындағы балансты ұстап тұру үшін Ресей Сауд Аравиясындағы серіктестермен жұмыс жүргізе береді.
Ал халықаралық сарапшылар қызу талқылайтын әлемдік климаттың өзгеруі мәселесіне мұқият қараған жөн. Ресей президентінің пікірінше, бұл мәселеде шынайы экономикалық қажеттіліктерді ескеріп, оңтайлы жағын ойлау қажет. Оның пайымынша, Еуропа одағын жайлаған "жасыл ауруы" Ресейді айналып өткен.
"Газ сияқты таза көмірсутекті елемеу өте түсініксіз жағдай. Менің ойымша, осыған ұқсас идеяларды (көмірсутексіз энергетика) насихаттаған кезде адамзат баласы қайтадан үңгірге оралатын секілді болып көрінеді. Егер барлық энергия көзін жоққа шығарып немесе тек күн, жел энергетикасына үміт артсақ, не болатынын білесіздер… Бүгінде көмірсутек шикізатынсыз, атом энергиясы болмаса, гидроэнергетикасыз адамзат өмір сүре алмайды, әрі өз өркениетімізді сақтай алмаймыз", - дейді Путин.
Осы орайда Владимир Путин Ресей экономикасының қозғалтқыш күші ретінде ұлттық жобалар мен ішкі инвестицияларға тоқталды.
"Ресей экономикасында жаңа инвестициялық циклды іске қосқалы отырмыз. Яғни жыл сайынғы негізгі капитал көлемін 25%-ке арттырып, болашақта жалпы ішкі өнімнің 27%-ін аламыз. Бұл мақсатқа жетуге болады. Себебі, алдын ала болжам бойынша, осы жылы өсім 21,6%-ті құрады", - дейді ол.
Форумда Ресей президентіне қолайсыз сұрақтар да қойылды. Мысалы, Еуропа Одағы пен соңғы жылдардағы КСРО-ның ұқсастығы жөнінде.
"Кеңес одағымен салыстырғанда Еуроодақтың орталық органдары одақтың барлық аумағында күші жүретін заңдарды көп қабылдайды", - дейді ол.
Сондай-ақ Путин АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғының себебіне тоқталды. Оның пікірінше, мұндағы мәселе сауда балансының ауытқуы немесе юань бағамын жасанды түрде төмендетуде емес.
"Қытай мемлекеттік және нарықтық экономиканы жоспарлаудың тиімді жолын тапты. Мұны америкалықтар түсінді", - деді Ресей президенті.