НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша – Sputnik. Бүгін Қызылорданың Назарбаев даңғылында болған жол апатынан екі оқушы көз жұмды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ресми мәліметке сәйкес, ұл бала №12 мектептің бесінші сынып оқушысы болса, екіншісі – оның қарындасы, ол үшінші сыныпта оқыған. Екеуі мектепке бара жатады. Олардың жанында Титов ауылының 42 жастағы тұрғыны да автобусты күткен. Ол да қаза болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жол апатынан екі адам қатты жарақат алды. Он жастағы қыз облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал 1988 жылы туған келіншек қалалық ауруханада жатыр. Ол да көп жарақат алған.
Аялдамаға соғылған 20 жастағы көлік жүргізушісі аман қалды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша жас жігіт рөлде ұйықтап кетіпті.
Зардап шеккендердің жағдайы қалай
Қалалық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлегеннің айтуынша, 31 жастағы келіншек екі аяқтан қатты жарақат алған. Оң жақ пен сол жақ сан сүйегінің, сондай-ақ сол жақ балтыр сүйегінің жабық сынығы анықталды.
"Қазіргі кезде ол жансақтау бөлімінде жатыр. Себебі жарақаттан қатты шок алған. Соған қарсы барлық шара атқарылып жатыр. Шоктан шыққаннан кейін аяқтарына ота жасау жағы қаралады. Ота кезінде остеосинтез жасалып, сүйектері орнына салынады", - деді Төлеген Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, жол апатынан кейін ауруханаға 43 жастағы ер адам да жеткізіліпті. Бірақ алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін оны үйіне жіберген.
Жол апаты қалай болды
Жол апаты бейсенбі, 21 қарашада болды. Сағат 09:15 шамасында Назарбаев даңғылында жүргізуші рөлге ие бола алмай, Mercedes-Benz көлігін соғып, кейін автобус аялдамасында тұрған адамдарды қаққан. Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды, екеуі ауруханаға жеткізілді.
Кінәлі жүргізуші бірден анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Тиісті сараптамалар белгіленді.
Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлімі (жол қозғалысы және көлікті пайдалану ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Егер жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, ол 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін және 7 жылға дейін белгілі лауазымдарды иелену немесе қызметпен айналысу құқығынан айырылады.