Қоғам

Татуласуға жол жоқ: ұрлық ауыр қылмыс санатына жатқызылады

© Sputnik / Константин Чалабов / Медиабанкке өтуАвтомобильные воры, иллюстративное фото
Автомобильные воры, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елімізде ұрлық үшін жазаны барынша күшейту жоспарланып отыр. Енді татуласуға жол берілмейтін болды

НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелеріне арналған заң жобасын бірінші оқылымда қарап шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, алдымен ұрлық үшін жазаны барынша күшейту жоспарланып отыр. Соның ішінде мал ұрлығы да бар.

Тағы оқыңыз: Шымкенттік жігіттің қылмысы видеоға түсіп қалды

"Түзетулердің бірінші бағыты бірқатар қасақана қылмыс үшін жауапкершілікті күшейтуге арналған. Бұл түзетулердің бір бөлігі меншікке қарсы қылмыстарға қатысты. Алдымен ұрлық, тонау және қарақшылық мақсатында үй-жайға, қораға, не көлік құралына заңсыз бұзып кірумен жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтіледі", - деді Ахметжанов мәжілістің пленарлық отырысында.

Оның айтуынша, енді ұрлық ауыр қылмыстар санатына жатқызылады. Демек, татуласу болмайды. Тіпті, залалдың көлемі толтырылып, зардап шеккен адам кешірім берсе де, ұрылар қылмыстық жазадан босатылмайды. Мал ұрлығына да баса назар аударылып отыр. 

"Бүгінде мал ұрлығы кәсіпке айналған. Оны ұйымдастыратын, орындайтын, сатып алатын, жүк таситын, базарда өткізетін қылмыстық топтар қалыптасқан. Бұл қылмыстарға қамқоршылық жасайтын шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар", - деп атап көрсетті Ахметжанов.

Қазіргі заңнама бойынша мал ұрлаған адам залалын өтесе, қылмыстық іс қысқартылып, жан-жақты тергеу жүргізілмейді. Қылмысқа қатысқан басқа адамдар анықталмайды. Ресми мәліметке сәйкес, ұрлық бойынша қылмыстардың 60 проценті татуласумен аяқталады. Енді ондай болмайды.

"Заң жобасы бойынша жай құрам үшін бес жыл, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде жасалған ұрлық болса - жеті жылға дейін, бірнеше рет және бұзып кіргені үшін он жыл, ал аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса - он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген", - дейді Ахметжанов.

Жаңалықтар
0