НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша — Sputnik. Атмосфералық фронттардың әсер етуіне байланысты елдің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Кей жерлерде жауын-шашын жауады. Жел күшейіп, бұрқасын, тұман және көктайғақ болады.
Жолдар жабылды
Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметіне сәйкес, қар жауып, жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты 19 қараша күні сағат 13:30-дан бастап Өскемен-Риддер-Ресеймен шекара (Белоусовка ауылынан бастап Риддер қаласына дейін) жолында жүк және қоғамдық көлік қозғалысына шектеу жасалды.
16.00-ден бастап Өскемен– Шемонаиха - Глубокое ауылынан бастап Ресеймен шекараға дейінгі тасжолда қозғалыс шектелді.
Сондай-ақ, көктайғақ болғандықтан, 17:10-нан бастап Өскемен – Семей (10-198 километр Герасимовка ауылынан бастап Семейге дейін) жүк және жолаушылар көлігі үшін жол жабылды.
Дабылды ескерту
Ақмола облысында ауа температурасы түнде минус 15-20 градустан 25-30 градусқа дейін төмендейді.
Ақтөбе облысының кей жерлерінде тұман, солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 м/с. Түнде кей жерлерде бұрқасын, көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде түнде минус 17-22, күндіз 14-19 градус суық.
Атырау облысында боран болады. Күндіз солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Қызылорда облысында 20-22 қараша күндері тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Желдің екпіні кей жерлерде 23 м/с-ке жетеді.
Синоптиктер Түркістан облысында да тұман және көктайғақ болатынын айтты.
Өңірлердегі ауа райы
Жамбыл, Қызылорда облыстарында көктайғақ, тұман, бұрқасын болады. Желдің жылдамдығы – 15-20 м/с.
Ақтөбе облысында тұман болады. Жел 15-20 м/с-ке дейін күшейеді. Түнде көктайғақ, бұрқасын.
Алматы, Атырау облыстарында да тұман, көктайғақ. Күндіз 15-20 м/с жел соғады. Атырау облысында бұрқасын болады.
Маңғыстау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан өңірлерінде тұман, көктайғақ болады.
Ақмола облысында - бұрқасын.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, түнде Павлодар облыстарында тұман болады.
Ірі қалалардағы ауа райы
Елордада жауын-шашынсыз. Күндіз 25-31 градус суық. Түнде минус 25-28 градус.
Алматыда күн бұлтты, аздаған жауын жауады. Күндіз плюс 3-5 градус, түнде 2-4 градус нөлден жоғары.
Шымкентте де жауын-шашын болады. Күндіз плюс 4-6 градус, ал түнде плюс 1-3 градус.