Қоғам

"Ондай болмаған": жерді мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты қандай өзгеріс енгізілді

© Sputnik / Владислав ВодневСапархан Омаров
Сапархан Омаров - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан бойынша 2,2 миллион гектар ауыл шаруашылық жерлері игерілмей жатыр. Қазіргі кезде осы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шаралары атқарылып келеді

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауыл шаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтару шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан бойынша 2,2 миллион гектар ауыл шаруашылық жерлері игерілмей жатыр. Қазіргі кезде осы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шаралары атқарылып келеді.

"400 мың гектарға қатысты материалдар сотта қаралып жатыр. 1,2 миллион гектар бойынша қосымша тексеріс жұмыстары атқарылып, тиісті материалдар сотқа дайындалып жатыр. Ал 600 мың гектар жерге қатысты бақылау шаралары қолға алынды. Біз ол жерлерді пайдалану жағын тағы тексеріп жатырмыз. Осыдан кейін барлық материалдар сотқа жіберіледі", - деді Омаров астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін 1 миллион 137 мың гектар жер қайтарылды. Мұның барлығы ірі агрохолдингтердің меншігі болған. Бүгінде ол жерлер отандық инвесторларға таратылды.

"2014 жылы бақылау функциялар жергілікті атқарушы органдарға берілген еді. Содан бері тексерістердің саны 2,7 есеге азайды. Тәртіп бұзушылықты жою жағы да күрт нашарлап кетті. Мұның барлығы әкімдіктер тарапынан мемлекеттік бақылаудың тиімсіздігін көрсетіп отыр. Енді, осы саладағы жағдайды біз ғарыштан бақылау жүйесі арқылы реттеуді көздеп отырмыз", - деп атап көрсетті Омаров.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазан айында президент агроөнеркәсіп кешенін реттеуге арналған заңға қол қойғаннан кейін ауыл шаруашылық жерлерін қайтару кезінде ғарыштан түсірілген суреттерді де пайдалануға болады. Осыған орай, арнайы цифрлық кадастр жасалды. Онда барлық жер учаскелері көрсетілген. Ал игерілмей жатқан жерлер қызыл түспен боялып тұрады.

"Негізі, қазірдің өзінде ғарыштық мониторингтің негізінде игерілмей жатқан ауыл шаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруға болады. Бұрын ондай болмаған. Бірақ президенттің қол қойған заңы ондай мүмкіндік беріп отыр. Енді, сот арқылы оған 2-3 жылдай кетеді. Біз ондай істерді қарау мерзімін бір жылға қысқартуды көздейміз. Ол үшін арнайы заң жобасын әзірледік. Оны да қолданысқа енгіземіз деген үміт бар", - дейді Омаров.

Тағы оқыңыз: "Үзілді-кесілді қарсы": Тоқаев жұрттың наразылығын тудырған мәселені қозғады

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14 қарашада Көкшетау қаласында Ақмола облысын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген болатын. Ол биылғы жолдауында бәленбай гектар алып, бірақ пайдаланбай отырған латифундистерден жерді алып қоюға тапсырма бергенін еске салды.

Ол өзінің тапсырмасы өте баяу орындалып жатқанын сынға алды. Қазіргі жағдайды өзгертпеуге мүдделі біреулер қысым жасап жатқан секілді деген болжамын айтты.

 

Жаңалықтар
0