НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша — Sputnik. БҚО полициясы Оралда 60 джиппен жүрген ер адамның не үшін ұсталғанын айтты, деп хабарлайды "Мой город" порталы.
Полицияның хабарлауынша, күдікті адамдардың үстінен шағымды "Самал-1" ауданының тұрғындары түсірген.
"Көп көліктің жиналып жатқанын көрген тұрғындар алаңдаушылық білдіріп, полицейлерді шақырған. Оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері барып, көліктерді Орал қаласының полиция басқармасына жеткізді. Кейін белгілі болғандай, Алматы қаласының тұрғыны ондаған көлікті жалдап, қыдырмақшы болған. Оның тарапынан ешқандай құқықбұзушылық анықталған жоқ, бөлімшеге келген туыстары оны үйге алып кетті", - деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 16 қараша Орал қаласының полицейлері көшеде 60 джиптің ортасында жүрген ер адамды ұстаған болатын. Оның бұған дейін бірнеше рет сотталғаны анықталды.