Қоғам

Параның ерекше түрлері жарияланды

© Sputnik / Болат ШайхиновДеньги в руке, иллюстративное фото
Деньги в руке, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақсай ауылдық округының әкімі жекеменшік үйді салуға жер учаскесін бергені үшін тыңайтқыш түрінде пара алған

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі параның ерекше түрлерін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тергеуші Данияр Бигайдаровтың айтуынша, параның басым бөлігі ақшамен беріледі. Дегенмен, жергілікті жерлерде параны көлікпен, жиһазбен, малмен, балықпен, тіпті тыңайтқышпен беру фактілері бар.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қандай банктер арқылы пара берілетіні белгілі болды

"Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Мақаншы полиция бөлімінің басшысы Әкімбаев мыс кабелін ұрлағандарды жауапқа тартпау үшін параны балықпен алған. Балықтың бағасы шамамен 50 мың теңге болды. Сол үшін Әкімбаев 450 000 теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелді", - деді Бигайдаров астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, параны темірден жасалған гүл салғышпен алу фактісі де бар. Ондай бұйымның бағасы 100 000 теңгеден асады.

"Бір рет параны тыңайтқышпен берген. Білмеймін, ол қи болды ма, әлде химиялық препарат болды ма, әйтеуір параның көлемі 200 000 теңге болған. Жаңылмасам, бұл оқиға 2017 жылы тіркелді. Ақсай ауылдық округының әкімі жекеменшік үйді салуға жер учаскесін бергені үшін тыңайтқышпен пара алды. Сол үшін оған 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды", - деп атап көрсетті Бигайдаров.

Бұдан бөлек, тергеуші параны көлікпен және малмен алу оқиғаларын да еске алды. Мәселен, биыл тамыз айында Қостанай облысында Рудный қалалық құрылыс бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Ол қаланы газдандыру бойынша келісімдер мен атқарылған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін 2019 жылғы Nissan Qashqai маркалы көлікті пара ретінде алды деген күдікке ілінді. Көліктің бағасы - 10 миллион 466 мың теңге.

"Ал маусым айында Зеренді ауданының әкімі Мұстафин үш жылға сотталды. Экс-әкім жер учаскесінің жалға алу мерзімін ұзартқаны үшін кәсіпкерден 3 ірі қара мал, екі жылқы және 650 мың теңге пара ретінде алған. Мұстафиннің орынбасары делдалдық жасағаны үшін 4 миллион теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелді", - дейді Бигайдаров.

Жаңалықтар
0