Елорда тынысы

"Тоқаев бізді көре ме?": астананың қақ ортасындағы "ауылдың" өмірі - фото

© Sputnik / Арман АсқарАстананың қақ ортасындағы "ауылдың" өмірі 
Астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елорданың байырғы көшелерінің бірінде адамдар қалай өмір сүріп жатыр? Оларды қандай мәселелер толғандырады? Биліктен қандай көмек күтіп жүр? Бұл туралы Sputnik Қазақстан репортажынан оқи аласыздар

НҰР-СҰЛТАН, 14 қараша – Sputnik, Арман Асқар. Астананың бұрынғы орталығында Әліби Жанкелдин атындағы көше бар. Бас жағында бұрын үлкен базар болған. Бүгінде ол жерде биік тұрғын үйлер аспанға шаншылып тұр. Сауда үйлері де көп, қыж-қыж қайнаған өмір.Бірақ көшенің арғы жағына кірсең, мүлдем басқа әлемге енгендей боласың. Ол жерде уақыт тоқтап қалған сияқты. Sputnik Қазақстан тілшісі ескі көшені аралап, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

"Үш бөлмелі пәтерді тастап келдік"

Көшеге түскен бойда түтіннің иісі қатты сезіле бастады. Бұл жақта барлығы үйді пешпен жылытады. Содан қыста айналаның бәрін көк түтін алып кетеді, ал желсіз күнде кәдімгідей тұман болып тұрады. Бірақ көшенің бас жағында сауда жасайтын зейнеткер апа ол иіске әбден үйренген. Біз оны әңгімеге тартып көрдік. Сөйтсе, ол Жамбыл облысының Қаратау қаласынан көшіп келген. Бүгінде баласымен бірге осы көшеде екі бөлмені жалдап тұрады.

© Sputnik / Арман АсқарЗейнеткер көшенің бас жағында сауда жасайды
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Зейнеткер көшенің бас жағында сауда жасайды

"Қаратауда үш бөлмелі пәтеріміз бар. Оны жаптық та, осы жаққа келдік қой. Балама Жамбылда жылы ғой, қайтайық десем, барғысы келмейді. Фосфор зауыты бар, басқа жұмыс табылмайды дейді. Балалардың көшкеніне он екі жыл болды. Мен он жыл бұрын келдім. Қазір осы көшеде екі бөлмені жалдап тұрамыз. Екі немерем, келінім бар. Мен де балалардың жағдайын ойлап, осылай сауда жасап тұрамын", - деп бастады өз әңгімесін зейнеткер.

Бір кезде үндемей қалды да, көзіне жас алды. Себебін сұрасақ, жақында бірге тұрған туған қызы қайтыс болған екен. Сол есіне түскен. Біз апаны жұбатып, әңгімені басқа арнаға түсіруге тырыстық. Ескі көшенің проблемасын сұрадық.

"Мен "квартирантпын" ғой. Не айтамын? Сосын проблеманы айтсам, осы жерден қуып жібереді. Тексерісті жіберіп, штраф салады. Өткенде екі рет 12 600 теңгеден төледім. Оны төлемесең, зейнетақыдан ұстап қалады. Құрысын, проблеманы айтпай-ақ қояйын", - деді ол. Біз болсақ, ары қарай өтіп, үйдің иелерін іздей бастадық.

Әкімдік қайда қарап отыр?

Ескі көшенің бойында қар үйіліп жатыр. Ал жолдың тар болып кеткені сонша, көліктер бір-бірімен жанасып жүреді. Бір жолаққа сыймағаннан кейін шетке қарай тоқтайды да, қарсы бетте келе жатқандарды өткізіп алады. Кептеліс болмауы керек. Себебі бұл – орталыққа шығатын негізгі көше.

Біз қар күреп жүрген жігіттерге жолығып, көшенің жағдайы жайында сұрадық. Олар қолдарын бір сілтеді де: "Ой, көріп тұрсыз ғой, міне, қаланың ішінде отырмыз, ал мына жақтың бәрі – ауыл. Кәдімгідей ауыл ғой", - деп қысқа ғана қайырды. Сұхбат беруден бас тартса да, мазалап жүрген мәселелерін ашық айтты.

© Sputnik / Арман АсқарТұрғындар қардың тазаланбайтынын, оның еріп, үйдің ішіне дейін кіретінін айтып шағымданды
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Тұрғындар қардың тазаланбайтынын, оның еріп, үйдің ішіне дейін кіретінін айтып шағымданды

"Мысалы, мына қар сенбі күні түскен, әлі алмапты. Ол қардың суы еріп, үйге кіріп жатыр. Бұл жерде "ливневка" жоқ. Жыл сайын қар жауса да, жаңбыр жауса да, осы. Сосын көбісі ауыз суды колонкадан тасиды. Үйге тартып аламын десең, ақша сұрайды. Негізі, су құбырын көшенің бойымен жіберу керек қой. Артынан бәрі өз қалауы бойынша кіргізіп алады. Ондай да жоқ. Адамдар кредит алып, су тартуға мәжбүр", - дейді тұрғындар.

Біз кредитке су тартқан үйдің иесімен таныстық. Аты – Азамат. Ол банктен 1 миллион теңгені кредитке алып, үйге дейін 30 метр ауыз су құбырын тартқан. Бұдан бөлек, үйден кәріз құбырын да шығарып алды.

"Амал жоқ, кредит алдық. Су керек қой. Кәріз жүйесі де қажет. Әйтпесе, бәрін далаға тасып жүргенің. Бірақ бұл көшеде барлығында ондай жағдай жоқ. Көшенің ортасында жуындыға арналған септик бар. Соған апарып төгеді. Дәретхана далада. Қыста қиын ғой", - деді Азамат.

© Sputnik / Арман АсқарКөше тұрғындары ауыз суды құдықтан тасып ішеді
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Көше тұрғындары ауыз суды құдықтан тасып ішеді

Біз оның бір нәрсеге алаңдап тұрғанын байқадық. Темекісін де қайта-қайта шеге береді. Сөйтсек, ауласында тұрған "Газель" маркалы көлігі сынып қалыпты. Соны жөндеуге сүйреп апармақшы. Кредитін осы көліктің арқасында төлеп жүр.

Баба Раяның әңгімесі

Ескі көшеде бұрыннан бері тұратын бір апаны да таптық. Осы маңайда бәрі оны "баба Рая" дейді екен.

© Sputnik / Арман АсқарЕскі көшенің байырғы тұрғыны "баба Рая"
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Ескі көшенің байырғы тұрғыны "баба Рая"

Ауласына жақындап барғанда жер үйдің өткен ғасырда салынғанын бірден байқадық. Ескі шарбақ, қисайып қалған "веранда", үгітіліп жатқан қабырғалар, ал кіреберіс терезелерді целлофанмен қаптап қойған. Даладағы ескі кілемдер де өткен өмірден сыр шертіп тұрған сияқты. Ал жер үйге кіргенде, кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан мемлекет қайраткері Әліби Жанкелдиннің заманына қайта оралғандай болдық. Тура сол пеш, тура сол жиһаз, тура сол төбедегі мәтке, тура сол иіс, тура сол көрініс...

75 жастағы баба Рая бізді бірден шәйға шақырды. Таныса келе, өзіміздің Рымтай апа екенін білдік. Кеңес заманында көршілері "баба Рая" деп атап кеткен. Содан бері "Рая" болып жүр. Өзі – Қарағанды облысының тумасы. 50 жыл бұрын осы үйге келін болып түскен екен. 

© Sputnik / Арман АсқарҮй 1958 жылы салынған, отағасы 16 жасында өз қолымен көтерген
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Үй 1958 жылы салынған, отағасы 16 жасында өз қолымен көтерген

"Шалым он жыл бұрын қайтыс болды. Бес баламыз бар. Бәрі осында, кенже қызым екеуіміз бірге тұрамыз. Балалар бірге тұрайық деп, өздеріне шақырып жатады. Бірақ кеткім келмейді. Өз үйім ғой. Квартиранттарға беріп қойсам, быт-шытын шығарады. "Сносқа" да кетпейтін сияқты", - дейді Рымтай апа.

Оның айтуынша, 1958 жылы салынған үй әбден ескірді. Отағасы 16 жасында өз қолымен көтерген. Бүгінде үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жасаса да, нәтиже болмайтын сияқты. Сыртта мәткелерді ағашпен тіреп қойған. Боранда үй қардың астында қалады.

© Sputnik / Арман АсқарРымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Рымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр

"Жаңбыр жауғанда су дәлізге кіреді. Содан бәрін шелекпен шығарамыз. Ал үйдің айналасын қар басқанда "пятактан" жігіттерді көмекке шақырамыз. Оларға зейнетақымнан ақша төлеймін. Пешті өзім жағамын. Бір қысқа 14 тоннадай көмір кетеді", - дейді зейнеткер.    

Рымтай апа өз үйін 10 миллион теңгеге сатып көрген. Бірақ ешкім алмады. Ал оның көршісі тозығы жеткен үйін 13 миллионға сатып жатыр. Бірақ қабырғасында жазылып тұрған жарнамасына қарағанда сатып алушы әлі табылмаған тәрізді.

© Sputnik / Арман АсқарРымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Рымтай апа бұл үйде кенже қызымен бірге тұрып жатыр

"Тоқаев бізді көре ме?"

Біз тағы көшеге түстік. Жол-жөнекей Азаматтың айтқан ортақ колонкасы мен септигін көрдік. Ескі көшеде балалар жолдың бойында ойнай береді екен. Көшенің аяқ жағында түрлі-түсті арбаны итеріп жатқан баланы байқап қалдық. Арбаның іші толған "баклашка". "Мамам кір жуып жатыр. Соған су әкеле жатырмын", - деп қояды.

© Sputnik / Арман АсқарЕскі көшеде тұратын бала су тасып, анасына көмектесіп жүр
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Ескі көшеде тұратын бала су тасып, анасына көмектесіп жүр

Арбаның жіңішке доңғалақтары қарға қадалып, жүргізбей тұрса да, артынан мықшыңдап, итеріп келеді. Алдынан көтерейік десек, "Жоқ, мен өзім", - деп, одан да қатты қимылдайды. Ақыры болмағасын, алдынан көтеріп, үйіне дейін жеткіздік. Сөйтсек, тау қопаратын толағайымыз екі қабатты жатақханада тұрады.

Ауласына кірдік. Жатақхана соғыс кезінде салынған сияқты. Қардағы іздерге қарап, адамдардың даладағы дәретханаға және пеш үйге жиі баратынын байқауға болады. Ғимараттың іші де, сырты да әбден тозған.

© Sputnik / Арман АсқарӘбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Әбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана

Ал жатақхананың барлық есігі бұрынғы аспалы құлыпқа жабылады екен. Біз екінші қабатқа көтеріліп, су тасыған баланың анасына жолықтық. Ол сұхбат беруден бас тартты. Одан кейін түкпірдегі бір бөлмеге барып, есігін қақтық. "Кіріңіз" деген дауысты естігеннен кейін есікті ашып қарасақ, қуықтай бөлме екен. Ортасында жер үстел, айналасында төрт кішкентай бала отыр. Май жағылған нанның үстіне қант сеуіп, соған мәз-мейрам болып жатыр. Дежавю...Балалық шағымыз есімізге түсіп, сәл кідіріп қалдық.

Балалардың жанында отырған жас қыз құлаққапты шешіп, кімге келгенімізді сұрады. Біз үлкен адамдарды іздеп жүргенімізді айттық. Бір кезде ұл баланың біреуі жаc қызды нұсқап: "Мынау біздің мамамыз ғой", - деп күлді. Шынымен де, анасы болып шықты.

© Sputnik / Арман АсқарӘбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Әбден тозығы жеткен екіқабатты жатақхана

Бақытгүл Әжімбаева - екі баланың анасы. Күйеуі жоқ. Жақын жердегі дөнер асханасында түнгі ауысымда жұмыс істейді. Сіңлісі жолдасымен ажырасқан. Қазір апасымен бірге тұрады. Екі баласын да алып келген.

"Әке-шешеміз ерте қайтыс болды. Олар сіңлімді маған тапсырып кеткен. Қазір бәріміз бірге тұрамыз. Қыста ақша аздау. Бір бөлмеге 30 000 теңге төлейміз. Жазда екі бөлмені жалдауға болады. Өйткені жұмыс көбейеді. Күндіз балаларға мен қараймын. Кешке қарай сіңлім келеді, ал мен түнгі жұмысқа кетемін. Күніне 3 000 төлейді. Амал жоқ, соған күн көреміз", - деді Әжімбаева.

© Sputnik / Арман АсқарАпалы-сіңлілі қуықтай бөлмеде төрт баламен тұрып жатыр
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Апалы-сіңлілі қуықтай бөлмеде төрт баламен тұрып жатыр

Бақытгүл тігінші мамандығы бойынша оқуды бітірген. Бас кезінде алған білімімен табыс тауып көрді. Бірақ тапсырыс аз болған. Содан шыдай алмай, ол кәсіпті тастап кетті. Жұмыс тапқанымен, күнде балалары үшін алаңдайды.  

"Мына жақта жол жоқ, жақында бір баланы көлік қағып кетті. "Лежачий полицейский" болуы керек қой. Кешке қарай алқаштар көп жүреді. Балалар үшін қорқамыз. Менің балам да су тасып жүреді. Жолды жөндеп, алқаштарды азайтса, басқа проблема жоқ. Сосын жарықты істеп қойса, дұрыс болатын еді", - дейді жас ана.

© Sputnik / Арман АсқарСу тасып жүрген бала
Тоқаев бізді көре ме?: астананың қақ ортасындағы ауылдың өмірі - фото - Sputnik Қазақстан
Су тасып жүрген бала

Жатақханадан шығып бара жатқанда су тасыған баланы тағы кездестірдік. "Сіз бағана мені фотоға түсірдіңіз бе? Енді, телевизордан көрсетесіз бе?", деп сұрады. "Жоқ, ақпарат агенттігінде жұмыс істеймін, ол интернетке шығады" десек, бала анасына жүгіріп барып: "Мама, интернетке шығады дейді. Сонда бізді Қасым-Жомарт Тоқаев көре ме?", - деп сұрай бастады. Біз анасының "Оны қайтесің, суға барып кел!" деген сөзін ғана естіп қалдық.

Айтпақшы, жарты жолда араққа тойып алған үш жігіттің төбелесін көрдік. Үшеуі бірге тойлаған болуы керек. Біреуі көшеге жартылай жалаңаш шығып алыпты. Тағы бір жолдасы үшіншісін қуып жүріп сабады. Ал біз көрген патрульдік полиция көшенің бас жағын екі рет айналды. Бірақ ішке қарай кіргенін байқамадық...

© Sputnik / Арман АсқарКөше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте - Sputnik Қазақстан
1/3
Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
© Sputnik / Арман АсқарКөше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте
Көше тұрғындары мазалап жүрген мәселелеріне билік назар аударады деген үмітте - Sputnik Қазақстан
2/3

3/3

Жаңалықтар
0