НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Мәскеуде өтетін Қазақстан киносы күндері аясында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ фильмдері көрсетіледі.
Қарашаның 18-і мен 23-і аралығында Мәскеуде өтетін Қазақстан киносы күндері шеңберінде "Қазақфильм" киностудиясы түсірген "Шыңырау", "Томирис", "Анаға апарар жол" және "Әміре" фильмдері көрсетіледі. Мәдени іс-шара заңғар жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай өткізіліп отыр, деп хабарлады киностудияның баспасөз қызметі.
Мәдени іс-шараның ашылу салтанатынада Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген "Шыңырау" фильмі (режиссері Жаңабек Жетіруов) көрсетілмек. Ал Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмі осы мерекенің жабылуында көрермен назарына ұсынылады.
Айта кетсек, Қазақстан киносы күндері аясында Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" және Джефф Веспаның "Әміре" фильмдері көрсетіледі. Киностудияның фильмдерін "Қазақфильм" АҚ президенті Арман Әсенов, режиссер Ақан Сатаев, сонымен қатар фильмдерде басты рөлдерді сомдаған актерлер – Әлмира Тұрсын
("Томирис") және Әділ Ахметов ("Томирис", "Анаға апарар жол") таныстыратын болады. Ал ашылу салтанатында ұсынылатын "Шыңырау" фильмінің көрсетіліміне басты рөлді сомдаған Асылхан Төлепов және продюсер Базар Әбділдина қатысады.