НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Танымал режиссер Рүстем Әбдірашевтің кенже ұлы Ақназар оқыс оқиға салдарынан қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қайғылы оқиға кеше болды. Өкінішке қарай, бізде басқа мәлімет жоқ", - деді компанияның баспасөз қызметінің маманы.
Сонымен қатар "Қазақфильм" киностудиясы режиссердің қайғысына ортақтасып, әлеуметтік желі арқылы көңіл білдірді.
"Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашевке және оның отбасына ұлы Ақназардың оқыс жағдайда қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Періштенің жаны пейіште шалқысын", - делінген киностудияның Facebook желісіндегі жеке парақшасында.
Айта кетейік, Рүстем Әбдірашев осы уақытқа дейін "Елбасы жолы. Менің балалық шағымның аспаны", "Елбасы жолы. Теміртау", "Елбасы жолы. От-өзен", "Елбасы жолы. Тығырықтан жол тапқан", "Қазақ хандығы. Алмас қылыш" және "Қазақ хандығы", 1-маусым, 10 серия (Көпсериалы тарихи сериал)" фильмдерінің режиссері болған.