НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Сирия Араб Республикасының басшысы Башар Асад жарты жылдан кейін берген алғашқы сұхбатында үкімет әскерінің химиялық қаруды қолданғаны туралы айыптауларға жауап беріп, АҚШ саясаты туралы айтып, 2021 жылға белгіленген сайлауға түсініктеме берді.
"Мен батыстық БАҚ-қа көп сұхбат бердім, бірақ олар нақты ақпарат алуға тырыспайды – оларға сенсация қажет. Олар әлемде болып жатқан оқиғаларды өз аудиториясына объективті түрде жеткізуге ұмтылмайды. Сондықтан мен бірнеше жыл сұхбат бермедім", - деп түсіндірді Башар Асад.
Химиялық қару мен "Ақ дулыға" туралы
Үкімет күштерінің химиялық қаруды қолданғанын тағы бір рет жоққа шығарған Башар Асад, бұған қатысты алғашқы айыптау 2013 жылдың тамызында болғанын еске салды. Болжамдалған фактілерге тергеу жүргізу үшін Сирияға халықаралық делегация келген, осы кезде астанадан бірнеше шақырым жерде орналасқан Гутада химиялық қару қолданылғаны туралы айтыла бастаған.
"Осы оқиғаның бәрі Батыстың ресми тұлғаларының қиялында ғана болды – бұл жағдай Сирияға шабуыл жасауға сылтау ретінде пайдаланылды. Айтқым келгені осы. Олар ешқандай маңызды дәлел келтірмеді. Және бұл мәліметтерді, бұл айыптауларды жоққа шығарған көптеген есеп болды... Сирия әскері ешқашан химиялық қару қолданған емес", - деп атап өтті Сирия президенті.
Асад тексеріп келген Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының өкілдері әрдайым әділ болмағанын және Сирияның барлық химиялық қаруы олардың бақылауында жойылғанына қарамастан, көбінесе бейтарап әрекет еткенін атап өтті. Oсы ұйымның мәліметтері негізінде Ұлыбритания, АҚШ және Франция Сирияға соққы беру керек деген шешімге келген.
Сонымен бірге, Сирия президенті химиялық қаруды Сауд Арабиясы билігінің көмегімен көтеріліске қатысушылар қолданғанына дәлел бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, "Ақ дулығалықтардың" химиялық қаруды қолданғандай етіп көрсеткенін айғақтайтын дәлел бар.
"Ақ дулығаның" сапында "періште" болып жүргендердің ішінде "Әл-Каиданың" қатарында болған адамдардың жүзі әлсін-әлсін көрініп қалып жатады. Олардың түрі анық көрінген, суреттері өте айқын. Арасында адамдардың басын кескен, сарбаздың жүрегін жегендер бар. Мұның бәрін Интернеттен оңай таба аласыз. Біздің өңірде "Ақ дулығаның" пиар-акцияларына ешкім сенбейді. Олар – "Ан-Нусраның" ** қанаты", - деді Башар Асад.
Батыс пен террористерді не байланыстырады
Сирия президентінің пікірінше, НАТО елдерінің Сирияда және басқа бірнеше елде соғыс ашуы АҚШ-қа әлемде өзінің үстемдігін сақтау үшін қажет болды. Қазір Америка белгілі бір мәселелерде оған "жоқ" деп айтуға батылы жеткендердің барлығымен, соның ішінде батыстық одақтастарымен де күресуде.
"Олар Иракқа өз әскерін жіберді, бірақ бұл идеяның нәтиже бермейтінін түсінді. Шығын көп болды, тіпті Құрама Штаттар ішінде мұның зардабын тартуға тура келді. Сондықтан олар үшін үшінші тарапты пайдалану әлдеқайда жеңіл болды. Әл-Каида –Сирия, Ресей және Иран үкіметтерімен күресетін үшінші тарап. Олар осындай тәсілді қолданып отыр. Дәлелдер бар. Ислам мемлекеті 2014 жылы қалай кенеттен пайда бола қалды? Ауадан ба? Ирак пен Сирияда бір уақытта бой көрсетуі, Америка қаруын ұстап жүргені кездейсоқтық па? Бұл арада бәрі түсінікті", - деп түсіндірді Башар Асад.
Оның сөзіне қарағанда, Америка Құрама Штаттары бастаған барлық соғыс мұнай мен ақшаға келіп тіреледі, және Штаттар мұны әлем елдерін тонау арқылы, оларды саяси және басқа да құқықтарынан айыра отырып бірнеше рет дәлелдеді.
"Әлемдік көшбасшылық мәселесінде АҚШ-ты серіктестерінің ешқайсысы – тіпті Ұлыбритания, Франция және басқа да ірі елдердің мойындағысы келмейді", - деп қосты Сирия президенті.
Террористердің басшысы Әбу Бакр әл-Багдадидің көзін жою туралы
Башар Асад террористердің басшысы әл-Багдади америкалықтардың басшылығымен дайындықтан өтіп, белгілі бір рөл иеленгеніне сенімді, сондықтан АҚШ-тың оның көзі жойылғаны туралы ақпаратына сенбейді.
"Мүмкін, ол шынымен өлтірілген шығар, бірақ айтылған жайттарға байланысты емес. Мұның бәрі АҚШ-тың соңғы бірнеше жылда, дәлірек айтқанда, онжылдықта террористермен тығыз ынтымақтастық орнату фактісін жасыру үшін жасалды. Олар Американың осы террористермен, әсіресе Әл-Каида, Ислам мемлекеті *** және Әл-Нусрамен тікелей байланысын ұмыттыру үшін көпшіліктің жадын өшіргісі келді", - дейді Сирия президенті.
Сонымен бірге ол Саддам Хусейннің, оның балаларының, Муаммар Каддафидің өлімін мысал ретінде келтіре отырып, ел басшылары мен олардың туыстарын зәбірлеген сәттерін, немесе өлген денелерін бүкіл әлемге көрсеткенін еске түсірді. Ал Әл-Багдадидің жағдайында олар денені көрсетпеді. Неге?
"Бұл терроризммен күрес туралы, мұқият жоспарланған операция туралы фейк екенін білдірсе керек. Одан енді пайда келмегендіктен және басқа біреу керек болғандықтан өлтіріп тастаған да болар", - деп есептейді Асад.
Соғыстан кейін Сирия қалай қалпына келтіріледі
Бейбітшілік орнағаннан кейін елді қалпына келтіру туралы айта келе, Башар Асад мұны қысқа мерзімде жасауға болады дегенге сенбейтінін жасырмады. Алдын ала мәлімет бойынша, оған шамамен 230 миллиард доллар қажет. Сонымен қатар, Сирияға салынған эмбарго салдарынан, АҚШ-тың санкцияларынан қорқатын ірі инвесторларды тарту кезінде үлкен қиындықтар туындауы мүмкін.
"Сондықтан көптеген инвестор капиталды Сирияға бағыттауға қорқады. Бірақ бұл ең үлкен проблема емес. Бізде елді қалпына келтіру үшін адам ресурстары жеткілікті, қосымша ресурстар қажет емес. Біртіндеп қалпына келтіруге болады, мен бұл эмбаргоға алаңдамаймын. Ал Қытай, Ресей және Иран сияқты достас елдер Сирияны қалпына келтіру процесінің басым қатысушылары болады", - деп атап өтті Башар Асад.
Сұхбат соңында Сирия президенті елдегі 2021 жылға белгіленген сайлауды болдырмауға немесе кейінге қалдыруға ниетті емес екенін баса айтты.
* "Әл-Каида" – Қазақстан мен Ресейде лаңкестік деп танылған ұйым
** "Джабхат ан-Нусра" – Қазақстан мен Ресейде лаңкестік деп танылған ұйым
*** "Ислам мемлекеті" (ИГИЛ) – Қазақстан мен Ресейде лаңкестік деп танылған ұйым