НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша — Sputnik. Алматы полициясы Райымбек даңғылында екі жаяу жүргіншінің өліміне кінәлі деген күдіктіні ұстады.
Полиция подполковнигі, жергілікті полиция қызметі басқармасы тобының басшысы Қайсар Төлебековтің айтуынша, Toyota Raum көлігінің жүргізушісі Алматы облысынан табылған.
"Жүргізуші ұсталды. Көлік Алматы облысы Іле ауданындағы Өтеген батыр елді мекенінен табылды", - деді ол.
Қазір криминалистер саусақ ізін алып, апаттың мән-жайын анықтап жатыр.
Алматыдағы жол апаты
10 қараша күні түнгі он екіден кейін Райымбек даңғылындағы Саудакент базарына қарама-қарсы жолда Toyota Raum көлігінің жүргізушісі 43 және 44 жастағы екі ер адамды көлікпен қағып кетті. Жарақат салдарынан екі ер адам да оқиға орнында көз жұмды.
Жүргізуші апат болған жерден қашып кеткен.