НҰР-СҰЛТАН, 8 қараша – Sputnik. Еуразия даму банкі басқарма басшысының орынбасары Амангелді Исенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Омбыдағы форумда айтқан ұсынысына түсініктеме берді.
Тағы оқыңыз: Мемлекет қарызын өтеп бергендерге қайта кредит беріле ме?
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия даму банкіне шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасы аясында жекелеген жобаларды қаржыландыру құралдарын қарастыруды ұсынды.
"Еуразия даму банкін біздің ішкі нарықты дамыту жұмысына едәуір белсендірек тартуға болар еді", - деп мәлімдеді Қазақстан президенті.
Даму институтының атынан басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Исенов мұндай жобаларға қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
"Қазақстан президенті айтқан бағыттар Қазақстанда Еуразия даму банкі қызметін күшейтуге қуатты серпін беріп, Еуразиялық экономикалық одақ аясында одан әрі ынтымақтасу үшін нақты перспективаны қалыптастырады", - деді Исенов Sputnik Қазақстан тілшісіне.
2019 жылы банк Қазақстанда "Сарыарқа" газ құбырын салу, Самұрық-Қазына топтары мен ресейлік "Хевел" компаниясының жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларын қаржыландырды және "Алтыналмас" компаниясымен ынтымақтастықты жалғастырды.
"Бүгінгі таңда Қазақстанның банк қоржынындағы үлесі 40% -тен асады. Жоба аясында "ҚазМұнайГаз" тобы жүзеге асыратын жобалар – Астрахань-Маңғышлақ су құбырын қайта құру, KEGOK және бірқатар мемлекеттік-жеке серіктестік жобасы қарастырылып жатыр", - деді Исенов.
Айта кетейік, Омбыдағы форумда екі елдің 20 облысын қамтитын Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы ынтымақтастығы бағдарламасының тұжырымдамасы қабылданды.