НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша — Sputnik. Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті хабарландыру жүйесінің дайындығы тексерілетінін хабарлап, тұрғындарға ескерту жасады.
Тексеріс барысында электр дабылдарын қосу арқылы "Баршаның назарына!" бірыңғай хабарландыру сигналы беріледі. Осылайша, мамандар теле және радио тарату арналарынан автоматты түрде хабар беріп, жүйенің жұмысын тексермек.
Мұндай оқу-жаттығу жиыны Алматыда әрбір айдың бейсенбісінде сағат 12:55-те өтеді.
"Бұл дата мерекелік күнге сәйкес келген жағдайда тексеріс келесі бейсенбіге қалдырылып, хабарландыру жүйесінің дайындығы тексеріледі", - делінген Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламада.
Сондай-ақ мамандар алматылықтарға бірыңғай хабарландыру сигналынан кейін қалай әрекет ету керек екенін де түсіндірді.
"Егер сигнал болған уақытта үйде болсаңыз, радионы, телевизиялық хабар тарату қондырғысын қосыңыз. Ал сигнал даладан болса, шұғыл ақпаратты мұқият тыңдаңыз. Екі жағдайда да нұсқау бойынша әрекет етіңіз", - делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: "Алматыда балаларды жаппай ұрлап жатыр": полиция түсініктеме берді
Жедел құтқару қызметінің мамандары оқу-жаттығу жиыны барысында алматылықтарды үрейге бой алдырмай, сабыр сақтауға шақырды.