Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда жол ақысын 200 теңгеге көтеру ұсынылды   

© Sputnik / Владислав ВодневПассажиры заходят в автобус
Пассажиры заходят в автобус - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елордадағы автобус парктерінің қаржылық жағдайы мәз емес. Өткен айда № 8 автобус паркі жабылды. Енді № 2 автобус паркі жабылайын деп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Елорданың автобус парктері жол жүру ақысын көтеруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қалалық мәслихатта өткен жиында № 3 автобус паркінің директоры Бауыржан Тілеубергенов биыл 5,5 миллиард теңгенің субсидиясын алмағанын мәлімдеді.

"Барлық актіге қол қойылған. Жұмыс атқарылды. Бірақ ол ақшаны бізге бермей жатыр. Бұдан бөлек, ішкі істер департаментіне сан алуан шараны өткізгенде автобустар береміз. Осы жұмыстар бойынша 150 миллион теңгенің қарызы бар. Ал автобустарға жанар-жағармай құю керек, жүргізушілерге жалақы төлеу керек. Бұны ешкім ескермейді", - деді Тілеубергенов.

Осы орайда кәсіпорын басшысы балаларды тегін тасымалдауға дайын екенін жеткізді. Бірақ жолаушылардың бір автобустан екінші автобусқа тегін ауысу жеңілдігін алып тастауды сұрады.

Ал №1 парктің өкілі жанар-жағармайдың таусылуға жақын екенін жеткізді. Себебі осы шикізат үшін қарыз бар. Енді, жанар-жағармайдың көлемі тек дүйсенбіге дейін ғана жетеді. Бүгінде осы парктің автобустары қалалық бағыттардың 60 процентін орындайды. Бұдан бөлек, барлық қала маңындағы маршруттар осы кәсіпорынға қарайды. Жыл басынан бері парктің қарызы 1 миллиард 800 миллион теңгеге жеткен.  

Автопарктердің табысы 40%-ке өскен: Нұр-Сұлтанда бір жылда не өзгерді?

"Бұл жерде арифметика қиын емес. Біз бәрін талқылап шықтық. Соны сіздерге жеткізейін деп едім. Негізі қалада жол жүру ақысының өзіндік құны – 189 теңге. Қазір біз тасымалдан 66 теңге, ал субсидиядан 33 теңге көріп отырмыз. Сонда қалған 90 теңгені өзіміз табуымыз керек. Бір автобустан екінші автобусқа ауысып отыру жеңілдігі де табыстың 30 процентін "жеп қойып" отыр. Сосын жеңілдікпен жүретіндер бар. Олар үшін 22 теңге аламыз. Бұның барлығы – қып-қызыл шығын. Егер автобустарды таза коммерциялық мақсатта қолданатын болсақ, онда жол жүру құнын 200 теңге деп қою керек. Сонда субсидияның да қажеті жоқ", - дейді парктің өкілі.

"Астана ЛРТ" ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітовтың сөзіне қарағанда, автобус парктерінің қаржылық жағдайы мәз емес. Мәселен, өткен айда № 8 автобус паркі жабылды. Енді № 2 автобус паркі жабылайын деп жатыр. Бүгінде осы саладағы барлық кәсіпорынның жалпы қарызы 2,7 миллиард теңгені құрайды. Ал қаланың көлік басқармасы автобус парктеріне 6 миллиард теңгеге жуық ақшаны аудармай отыр. Ал келесі жылы тек 4 миллиард теңге ғана бөлінбекші. 

Мәслихат депутаттары жол ақысын көтеру мәселесін қоғамдық тыңдауларға шығару қажеттігін жеткізді.

Жаңалықтар
0