НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша– Sputnik. Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концертіне барлық билет 1,5 ай ішінде сатылып кеткен.
Билеттер 13 қыркүйектен сатылымға шығарылған. Нәтижесінде 1,5 айдың ішінде 7000 мың билет сатылып кеткен. Оның 75%-ін америкалықтар сатып алған.
"Мұндай ажиотаж Димаштың талантты екенін білдіреді. Сондай-ақ, әртістің шығармашылығына басқа ұлт өкілдері үлкен қызығушылық танытатынын көрсетеді", - делінген Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі таратқан хабарламада.
Жанкүйерлердің сұранысына сәйкес, TIcketmaster.com сайтында Димаштың Нью-Йорктегі өтетін концертіне қосымша тағы 2000 билет сатылымға шығарылады.
"Бұл – фан-зона мен шеткі қатарлардағы орындар. Шоуға билет алып үлгермегендер үшін тағы бір мүмкіндік бар", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген өткен жылы Ұлыбритания астанасы Лондондағы Indigo at the O2 залында жеке концертін берген. Концертті 45 елден 5 мың көрермен тамашалады.
Тағы оқыңыз: Димаштың әуежайдағы әрекеті жұртты таңғалдырды: видеоны 230 млн адам көрген
Әншінің Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында өтетін концерті АҚШ-тағы Қазақстан мәдени күндері аясында ұйымдастырылады.