НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында өнеркәсіп пен технологиялар бойынша бірлескен жобалар талқыланады.
Росконгресс қорының мәліметіне сәйкес, форум кезінде "Өнеркәсіп пен технологиялар саласында ынтымақтастық байланыстарын дамыту болашағы" тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – осы саладағы бірлескен жұмысты күшейту. Себебі Қазақстан мен Ресейде өнеркәсіп өндірістері жақсы дамыған. Осы сессияның модераторы - Ресейдің сауда және өнеркәсіп министрлігінің цифрлық технологиялар департаменті директоры Владимир Дождев.
Тағы оқыңыз: Тоқаев пен Путин Омбыда кездеседі: президенттерге қандай тағам ұсынылады?
Отырысқа Қазақстан мен Ресейдің ірі компаниялары шықырылып отыр. Олардың ішінде "Алтыналмас" АҚ, "Казцинк" АҚ, Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы, "Основа" компаниялар тобы, "МИР" компаниясы, "РТИ" АҚ, "Новомет" компаниялар тобы, "Русская медная компания" және тағы басқалар бар.
"Ресей мен Қазақстан цифрлық экономиканы бірлесіп дамытса, жаһандық нарықта екі елдің бәсекеге қабілеттілігі артады. Біз Қазақстанды цифрлық трансформация бойынша әріптес ретінде қарастырып отырмыз. Әрине, бірлескен ынтымақтастыққа және ортақ жобаларға дайынбыз", - дейді Дождев.
Панельдік сессия тақырыптары
Сессия кезінде қаралатын тақырыптардың бірі – мемлекеттік секторда блокчейн технологияларын қолдану. Қатысушылар блочейнді дамыту болашағын пысықтап, оның мемлекеттік органдардың ақпаратын қаншалықты қорғай алатынын қарастырып шықпақ. Ал "МИР" компаниясы энергетиканы цифрландыру тәжірибесімен бөліседі.
Қазақстан мен Ресейдің сарапшылары инновациялық технологияларды қолдану, жоғары технологиялық өндірістерді құру, соның бәрін мұнай өндіру саласында пайдалану бойынша баяндама жасайды.
Сессияның басты тақырыбы – инновациялық технологиялардың трансфері. Осы салада тәжірибе алмасуды қалай жүргізу керек? Бір елдің жобаларын көрші мемлекетте іске асыруға бола ма? Оның тиімділігі қандай? Сарапшылар осы сұрақтардың жауабын іздеп көреді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы 6–7 қараша күндері Омбы қаласында өтеді.