НҰР-СҰЛТАН, 31 қазан – Sputnik. Атырау облысындағы екі мектепке ақын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың есімі берілуі мүмкін. Олар Исатай және Құрманғазы аудандарында орналасқан. Бұл туралы Қазақ радиосына берген сұқбатында Атырау облыстық Тілдерді дамыту басқармасының Ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Дияшова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Биыл өздеріңіз білетіндей Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы аталып өтті. Поэзия падишасы Атырау облысының тумасы және біздің мақтанышымыз. Мектептерге Фариза Оңғарсынованың атын беру туралы бастама республикалық ономастикалық комиссия отырысында қаралады. Комиссияда мақұлданған соң үкімет қаулысының жобасын әзірлейміз",-дейді Жеміс Дияшова.
Оның айтуынша, бір мектеп Исатай ауданындағы Манаш елді мекенінде орналасқан, екіншісі – Құрманғазы ауданындағы қазіргі Н.Крупская атындағы орта мектеп.
Тағы оқыңыз: Әскери бөлімдерге аты аңызға айналған батырлардың есімі берілді
Ұлт зиялыларын ұлықтау жұмыстары теріскейде де жүріп жатыр. Атап айтсақ, Петропавл қаласындағы өнер колледжіне Ермек Серкебаевтың есімін беру туралы шешім облыс деңгейінде қабылданған. Солтүстік Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының Ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтановтың сөзінше, мұндай ұсыныс тек колледж ұжымынан ғана емес жергілікті зиялылардан да келіп түскен.
"Бұл ұсыныс қазір облыстың ономастикалық комиссиясында мақұлданып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Қазір үкімет қаулысының жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат тиісті министрліктің келісімінен кейін үкімет басшысының кеңсесіне жолданады", - дейді Ернияз Сұлтанов.
Айта кету керек, қазір көптеген өңірде жер-су, көше және нысандарға қазақша атаулар беру жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Мысалы Қарағанды облысы Сәтпаев қаласындағы жаңа ықшам аудандардағы бірнеше көше Кейкі, Кетбұға батырлардың және Жұмабек Тәшеновтың, композитор Александр Затаевичтің есімдерімен аталуы мүмкін. Атаулар елордада да ауыстырылып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы 12 білім беру орталығына белгілі тұлғалардың есімдерін беру мәселесі қалалық ономастикалық комиссияда қарастырылып оң шешімін тапқан. Ұсыныс үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға қарастыру үшін жіберіледі.