НҰР-СҰЛТАН, 31 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президенті Ариф Алвиге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Пәкістанда 73 адамның өмірін қиған пойыздағы өрттің себебі анықталды
Президент Пәкістанда жолаушылар пойызында болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және жарақат алғаны туралы қайғылы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
"Қазақстан халқы мен жеке өзімнің атымнан Сізге және қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасамын", – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жантүршігерлік оқиға кезінде зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.
Жолаушылар пойызындағы трагедия
Пәкістанның солтүстік-шығысында пойыз өртеніп, кем дегенде 73 адам қаза болды. Ондаған адам жарақат алды.
Өрт пойыз Лиакватпур қаласынан өтіп бара жатқан кезде басталған. Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен газ баллоны жарылған. Жанында өсімдік майы тұрған. Жалын үш вагонға шарпыды. Пойызда барлығы 200 шақты жолаушы болған.