НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. АҚШ-та сәби кезінде америкалық отбасы Қазақстаннан асырап алған жігіт көз жұмды. Қостанайдағы бөбектер үйінің бас дәрігері бала туралы архивтегі мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Дэвин 2001 жылы 16 қазанда Қостанайда туған. Ол бұл кезде әлі Айсұлу есімді қыз болған.
"Сәбиді бізге бір айлығында әкелді. Архивтегі мәліметтерге қарайтын болсақ, дені сау бала болған", - деді "Дельфин" бөбектер үйінің бас дәрігері Өмірбек Бәйкенов "Астана" телеарнасына берген сұқбатында.
Айсұлуды 2002 жылы америкалық Кейтлин мен Уэйн Тэкабари асырап алған. Ол кезде сәбиге бір жас екі ай толған еді.
Айсұлуды асырап алған әкесі Уэйн айти саласында қызмет еткен. Ол әлеуметтік желіде кішкентай баласының фотоларымен бөлісіп отырған. 11 жасына дейін бала көйлек киіп, өзін Диана деп атапты.
Кейін ол өзін Дэвин деп атай бастады. Ол трансгендер болған. Ол ЛГБТК (лесбияндар, гейлер, бисексуалдар, трансгендерлер мен квирлер) қауымдастығы атынан мұғалімдер және студенттермен өтетін қоғамдық пікірталастарға қатысқан. Домбыра шертуді үйреніп, гимнастика, би және сурет салумен де айналысқан. Оның суреттері Scholastic Awards 2018 ұлттық премиясында жүлде алған.
Соңғы 20 жылда шетелдіктер 9 мың қазақстандық баланы асырап алған. 18 жасына дейін олардың жат жердегі тағдырына Қазақстан консулдары жауап береді. Кәмелетке толғанға дейін шетелдіктер асырап алған балалардың қос азаматтығы болады. Бұл елімізде қос азаматтыққа рұқсат берілетін жалғыз жағдай.
Тағы оқыңыз: Қыздарды азаптаған өгей шешенің абысыны бар шындықты жайып салды
Сыртқы істер министрлігі бала өлімінің себебін анықтап жатқанын хабарлады. Дэвиннің 18-ге толуына 1 ғана ай қалған еді.