НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Бас прокуратура "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымының наразылық акцияларын ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.
"Әлеуметтік желілерде сотпен экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымы мен оның жақтастары 2019 жылғы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, азаматтарды оған қатысуға шақырып жатыр", - деді бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев халыққа арнаған үндеуінде.
Айтуынша, бұл ұйымның мүшелері аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелде сот төрелігінен жасырынып жүр.
Олар тұрғындарды заңға қарсы іс-әрекеттерге айдап салып, адамдардың қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығына, қоғамның қалыпты тіршілік әрекетіне қауіп тудырып отыр.
"Бұл тұлғалардың қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатер төндіретін іс-әрекеттеріне жол берілмейді және олар шектеледі. "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заңның 13-бабына сәйкес экстремистік ұйымдарды тарта отырып, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге, олардың белгілерін пайдалануға, экстремистік материалдарды таратуға жол берілмейді", - дейді ол.
Болат Дембаев осыған байланысты экстремистік ұйым бастаған рұқсатсыз наразылық акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданылатынын айтты.
Митингке қатысқандар қалай жазаланады?
Бас прокуратураның хабарлауынша, заңсыз акцияларға қатысу фактілері расталған жағдайда құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған (50 АЕК-ке дейін айыппұл (126 150 теңге), 15 тәулікке дейін қамаққа алу).
"Егер осы іс-әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулі зиян келтірсе, ол қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады (Қылмыстық кодекстің 400-бабы – рұқсат етілмеген акцияларды ұйымдастыру және қатысу, егер бұл іс-әрекеттер елеулi зиян келтiрсе)", - делінген бас прокуратураның хабарламасында.
Тағы оқыңыз: "Сондай күлкілі" - Қытай елшісі Жаңаөзендегі митинг жайлы
Бас прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмай, экстремистік ұйымдардың заңсыз акцияларына қатысудан бас тартуға шақырады.