НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. АҚШ тұрғыны 63 жылдан кейін өзінің мектептегі ғашығына үйленді, деп хабарлайды USA Today.
Аннет Каллахан (Annette Callahan) мен Боб Харви (Bob Harvey) 1955 жылы білім ордасында оқып жүрген кезде танысыпты.
"Сол күні мен оған 100% ғашық болдым", - дейді Харви.
Алайда жазғы каникул кезінде Аннет Каллахан өзінің болашақ күйеуін жолықтырады. Ал Харви мектеп бітіру кешінен кейін басқа қызға үйленеді. Осылайша, олар бір-бірімен байланысын үзеді.
2017 жылы Боб Харвидің әйелі қатерлі ісік дертінен көз жұмады. Кейін ол Аннет Каллаханды есіне түсіріп, оны интернеттен табуға әрекет жасайды. АҚШ тұрғыны мектептегі махаббатының 2015 жылы жесір қалғанын біліп, Аннетпен кездесуге шешім қабылдайды.
Ол Вирджиния штатынан Каллахан тұратын Огайо штатына 805 шақырым жол жүріп барады.
"Ол есікті ашқан кезде менің жүрегім елжіреп кетті. Үйге бір шоқ гүл алып кірдім. Оның бетіне қолым тиген кезде оны сүйетінімді және өте әдемі екенін айттым", - дейді Харви журналистерге.
Қыркүйек айында қос жұп Огайо штатының Вестервилль қаласындағы шіркеуде үйленген.
"Мен сәл қобалжыдым. Бірақ Аннетке үйленгім келетініне сенімді болдым", - дейді Боб Харви.
"Алғаш рет шын ғашық болдым": қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген қарияның әңгімесі
Ерлі-зайыптының үйлену тойы өткен ғасырдың 50-жылдарындағы стилмен жабдықталған мейрамханада өтті. 80 жастағы жас жұбайлар америкалық әнші Джонни Мэтистің Chances are әніне билеген.
Олар енді АҚШ-тың Орегон қаласындағы Моми айлағында демалуды жоспарлап отыр.
"Құдай бізге бірге болуға мүмкіндік жасағанын сезіп отырмын. Екеуміз бақытты ұзақ ғұмыр кешеміз деген үміттемін", - дейді Харби ағынан жарылып.