АЛМАТЫ, 24 қазан — Sputnik. Бүгін таңертең қазақстандықтардың ұялы байланысы істемей қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Sputnik Қазақстан тілшісіне таңғы сағат жетіде ұялы байланыстың жоқтығын байқағанын айтты.
"Мен қоңырау шалғым келгенде экранда "телефон тіркелмеген" деген жазу шықты. Мобильді интернет те істемеді. Біраз уақыт өткеннен кейін "жеке сәйкестендіргіш нөмеріңді жібер" деген sms келді. Мен хабарлама жіберген соң байланыс қайта пайда болды", - деп әңгімеледі ол.
Елорда тұрғыны ұялы телефонды биыл сатып алынғанын және оның тіркелмегенін растады.
Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникация комитеті биылғы жылы 1 қаңтарда абоненттік құрылғыларды тіркеу процесі аяқталғанын айтты. Егер азамат телефонын осы уақыттан кейін сатып алып, әлі күнге дейін тіркемесе, онда тіркелу қажет. Ол үшін sms жіберу немесе байланыс операторынан көмек сұрау керек.
"Соңғы күндері біздің ведомствоға телефон нөмірлерінің сөндірілуіне байланысты шағымданатындар көбейді. Осыған орай, азаматтар арнайы әзірленген сервис арқылы өз аттарына қанша нөмір тіркелгенін анықтай алатынын еске саламыз. Пайдаланушылар өз келісімінсіз аттарына тіркелген нөмірлерді анықтаған жағдайда байланыс операторына барып, оларды сөндіруге кеңес береміз. Себебі нөмірді пайдалану үшін жауапкершілік олардың иелерінің мойнында болады", - деді телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.
Тағы оқыңыз: Атыраулық дәрігердің телефонын тыңдағандар есеңгіреп қалды
Бұған қоса, ведомство тіркеу жүргізу ұялы телефон ұрлығымен және алаяқтықпен күресте аса маңызды екенін айтты.
"Жеке сәйкестендіргіш нөміріңізбен байланысты аппарат өз атыңызға тіркелген SIM-карталармен ғана жұмыс істейді. Аппарат басқа SIM-карталармен істемейді", - деп түсіндірді Ярошенко.
Сондай-ақ, ұялы байланыс операторлары құрылғыны *660*3# нөмірін теру арқылы қайта тіркеуге болатынын хабарлайды.