Оқиға

Атырауда екі көлік бетпе-бет соқтығысты: 27 жастағы жүкті әйел көз жұмды

CC0 / Free-Photos / Осколки
Осколки - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгін таңертең Атырау-Дамба тас жолында болған жол апатына қалың тұман себеп болды деген болжам бар

АТЫРАУ, 24 қазан – Sputnik. Атырауда жол апатынан 27 жастағы жүкті әйел көз жұмып, төрт адам жарақат алды.

Жол апаты таңғы сағат 08:00 шамасында болған. Атырау-Дамба тас жолында "LADA Samara" мен "Нива" автокөліктері бетпе-бет соқтығысты. Салдарынан 27 жастағы жүкті келіншек оқиға орнында көз жұмды. Төрт адам түрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, екеуінің жағдайы тұрақты, амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. Қалған екеуінің біреуі жансақтау бөлімінде, екіншісі нейротравматология бөліміне ауыстырылған. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

"Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлімі (жүргізушінің абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша қылмыстық іс қозғалды" - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айтқандай, бүгін Атырауда сол маңды қалың тұман басты. Жол апатының басты себебі сол болуы мүмкін деген болжам бар.

Жаңалықтар
0