НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі егістік және мал жайылымдары жерлерін толығымен цифрландырып, шаруаларды ғарыштан бақылайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, Түркістан облысында 6 миллион 600 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның 990 мың гектары – егістік жерлері, 5,5 миллион гектар жер – жайылым. Ал егістік жерлерінің 460 мың гектары – суармалы жерлер.
"Басқа облыстармен салыстырғанда жер иелері шағын учаскілерде еңбек етеді. Шаруалардың басым бөлігі 3-4 гектар жерде жұмыс істейді. Бұл жерлердің тиімді игерілуін толыққанды мониторинг жасап, қадағалау үшін мемлекет басшысы айтқандай, цифрландыру жұмысына мән беруіміз керек", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Осы орайда облыс әкімі өңірде цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
"Егістік жерлерінің 89%-і цифрландырылып бітті. Ал жайылым жерлерінің 60%-і цифрландырылды. Жыл соңына дейін егістік жерлерін толығымен цифрландырамыз деп ойлаймын. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін біз ауыл шаруашылығы министрлігімен ғарыш арқылы шаруалар бұл жерлерді қалай пайдаланып жатқанын бақылаймыз", - деді өңір басшысы.
Тағы оқыңыз: Шөкеев жұрттың жағасын ұстатқан қылмысқа қатысты пікір білдірді
Ол тиімді пайдаланылмаған жерлер мемлекеттің игілігіне қайтарылатынын жеткізді.
"Пайдаланбайтын жерлерді заңдағы нормаларға сүйеніп, кері қайтарамыз. Кейін аукцион арқылы оларды тиімді пайдаланатын шаруаларға жалға береміз", - деді Өмірзақ Шөкеев.