НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Таяуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбиде олқылықтар бар екенін айтып, оны жетілдіруді тапсырған болатын. Осы мәселеге байланысты мәдениет және спорт министрлігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары пікір білдірді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Юникод стандартына сай емес
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жаңа әліпбиді жасау барысында ғалымдар мен халықтың пікірі ескерілгенін жеткізді. Алайда латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіндегі әріптерді клавиатураға енгізген кезде қиындық туындаған. Кемшіліктер апробациялық жұмыстарды жүргізу кезінде белгілі болған.
"Әріптер юникод стандарттарына сай болуы қажет. Әліпбиді жасаған кезде әріптердің клавиатурада қалай таңбаланатынын білген жоқпыз. Әріптерді клавиатураға енгізіп, жергілікті атқаршы органдары және lenovo компаниясымен бірге тестілеу режимінде сынақ өткіздік", - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен пресс-конференцияда.
Қорытындыға сәйкес, әртүрлі кедергілер тудыратын әріптер болған. Себебі, ол әріптер юникод стандарттарына сай келмейтін болып шықты.
Даудың басы – диграф
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжан латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің соңғы нұсқасында диграфтарға қатысты мәселе туындағанын ашық айтты.
"Дау шығарып отырған – диграф әріптер. Диграф әріп – бір дыбысқа алынған екі әріптің тіркесі. Әліпбиімізде ондай 2 әріп бар. Ол – ш (sh) және ч (сh) әріптері. Олар сауалнама және халықпен пікір алмасу барысында көп сынға ұшырады. Сондай-ақ бұл әріптермен жазылған сөзді халық қате оқыды", - деді ғалым.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Назарбаев бекіткен жаңа әліпбиден олқылық тапты
Оның айтуынша, арнайы сауалнама жүргізіліп, оған 3 мыңнан астам адам қатысқан. Нәтижесінде халықтың басым бөлігі ш (sh) және ч (сh) диграф әріптерімен жазылған сөзді қате оқығаны анықталған.
"3 мыңнан астам адам қатысқан сауалнамада shema (схема) деген сөзді халық "шема" деп оқыған. Әсіресе, мектеп оқушылары. Осындай тұстары бар. Енді І (и) мен І (і) бас әріптерінің ноқаты екеуінде де жоқ. Сондықтан Ine (ине) деп жазылған сөзді адамдар "іне" деп оқуы мүмкін. Сондай-ақ Іshik дегенді "ишик" деп оқу қаупі бар. Осындай қауіптердің алдын алу үшін президентіміз әліпбиді реттеңіздер деп отыр", - дейді Анар Фазылжан.
Оның пікірінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өте білімдар және лингивистикалық білімі өте жоғары деңгейде.
Сөз соңында ғалым латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің емлесі 90% дұрыс екенін, бірақ кемшіліктер бар екенін атап өтті.
Ал Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Асқар Әлібек бұл мәселені шешу барысында халық пен ғалымдардың пікірі ескерілетінін жеткізді.