НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан білім жүйесіндегі өзекті мәселелер шешілсе, депутаттықты тастап, білім министрінің көмекшісі болуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Бекболат Тілеухан білім саласындағы олқылықтарға тоқталды.
"Білім, оның ішінде орта білімнен маңызды нәрсені көріп тұрған жоқпын. Өйткені, бәрінің іргетасы сол. Үйді алтынмен аптап, күміспен күптесең де, мәрмәрдан қаласаң да, іргетасы шірік болған үй құлап қалады. Ал енді жасыратыны жоқ, орта білімдегі сорақылық, оқулық мәселесі қоғамның титығына әбден тиіп бітті. Бала түгіл, ата-ана түсінбейтін тақырып, шешілмейтін есеп қоғамда қандай сынға ұшыраса да, қандай нарызылыққа тап болса да, міз баққан жүйе жоқ. Мазақ па, енжарлық па, оны түсінбедік", -деді мәжілісмен үкімет сағатында.
Тілеухан білім министрлігіне қазақстандық ата-аналардың талабын жеткізді.
"Қазіргі ішкі жүйені өзгертпесе, оқулықтар шығарудағы жүйені шірік деп батыл айтуыма негіз бар. Біз ұрпақты азаптап жатырмыз. Біз орысша айтқанда, "мучить" етіп жатырмыз. Бір есепті бала емес, әке-шешесі шығара алмай отырған мұндай білім жүйесі барып тұрған қаскөй жүйе. Сорақылыққа жауап беретін нақты ешкім болған жоқ", - дейді ол.
Айтуынша, оқулықтағы олқылықтарды ешкім мойнына алғысы келмейді, бәрі бір-біріне сілтейді.
"Қысқасы, қайсының құйрығынан ұстауды білмейсіз. Бір айта кететін нәрсе, мектеп пен мұғалімдер дайындайтын оқу орындары арасында байланыстың жоқтығы. Мұғалім қайдан шығады? Ол университеттен шығады. Мектептің тірегі – мұғалім, мектептерде білім сапасын арттыру мұғалімнің кәсіби біліктілігімен өлшенеді. Ал кәсібилікті арттыратын, біріншіден, жоғары оқу орны десек, екіншіден, қайта білім беру, жетілдіру институттары. Ал сіз білесіз бе, қазіргі кадр дайындайтын жоғары оқу орындарының кітапханаларында жаңартылған мазмұндағы мектеп оқулықтары жоқ. Үкімет сағатының алдында арнайы барып, көз жеткізіп келдім. Мұғалім даярлайтын оқу орындарында қазіргі мектеп оқулықтары міндетті түрде болуы керек қой", - деп ашынды Тілеухан.
Бұдан бөлек, миллиардтаған ақшаға сатып алынған цифрлық зертханалар да бостан-босқа қаңырап тұр. Айтуынша, зертханаларда істейтін білікті маман жоқ.
Тағы оқыңыз: Тілеухан "халықты тізерлеткісі келген" әріптесінің сөзіне пікір білдірді
"Олардың бәрі мелшиіп, бостан-босқа ақша ұстап тұрғанын көргенде, ішің удай ашиды", - дейді депутат.
Осы орайда мәжілісмен вице-премьер мен білім министріне өтініш жасады.
"Бүгінгі білім жүйесін қарап отырсақ, құрдымға беттеп бара жатыр. Қай жағынан келсек те, сын көтермейді. Сондықтан жүйені түбегейлі қайта қарау керек. Оқулық шығару жүйесін, мұғалімдер даярлауды қайта қараған жөн. Бердібек Мәшбекұлы, сізге сенеміз. Бүкіл халық өзіңіздің бетіңізге қарап отыр. Асхат, жақсы жігітсің, азаматсың. Енді осы мәселелерге қажыр-қайратпен кірісейікші. Сенен жасым да, тәжірибем де аз емес. Тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды беріп, сенің қабылдау бөлмеңе көмекші, хатшы болып баруға дайынмын", - деді Тілеухан.