Қоғам

Мұғалімдерді аттестациядан өткізу тәртібі өзгереді – министрліктің мәлімдемесі

© Sputnik / Владислав ВодневУчитель на уроке с учениками
Учитель на уроке с учениками - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде мұғалімдер қағазға басылған тест тапсырып жүр. Алдағы уақытта оны электронды үлгіге ауыстыру жоспарланып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мұғалімдердің аттестациясын өзгерту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, алдымен аттестация аясында тест тапсыруға өтініш беру тәртібі өзгереді.   

"Қазіргі жүйе бойынша мұғалімдер өздерінің санатын жоғарылату үшін аудандық, одан кейін облыстық білім басқармаларына өтініш беруі керек. Ендігі мақсатымыз – мұғалімге өз өтінішін тікелей тестілеу орталығына беретіндей жағдай жасау. Біз осы мәселені қарастырып жатырмыз.  Әрине, алдымен тиісті ережеге өзгеріс енгізу керек. Жуырда оны да жасаймыз", - деді Каринова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Оның сөзіне қарағанда, тағы бір өзгеріс аттестация кезіндегі тест тапсырудың форматына қатысты болмақ. Бүгінде мұғалімдер қағазға басылған тест тапсырып жүр. Алдағы уақытта оны электронды үлгіге ауыстыру жоспарланып отыр. Осылайша, мәліметтердің құпиясын сақтау қарастырылған. 

"Мысалы, осы уақытқа дейін 123 мың мұғалім аттестациядан өтсе, олардың барлығы қағазбасты жұмыспен жүгірді. Ондайда "утечка" болуы мүмкін. Сондықтан біз ақпараттың құпиясын қамтамасыз ету үшін компьютерлік тестілеуді енгізген дұрыс деп отырмыз. Ол ұлттық бірыңғай тестілеу сияқты болады. 100 тапсырма, тестің мазмұны өзгермейді, тек оны өткізу формасы басқаша, яғни компьютерлік форматта болады", - деп атап көрсетті Каринова.

Бұдан бөлек, аппеляциялық шағымды да онлайн форматта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бүгінде мұғалімдер тестің нәтижесі шыққаннан кейін ғана қарсылық білдіре алады. Ал компьютерлік тестілеу кезінде ондай шағымды бірден жолдау тетігі енгізіледі.

Айта кетейік, бүгінде аттестацияның нәтижесіне қарай жалақыны 30-50 процентке артық алуға болады. Мәселен, астанадағы мектепте жұмыс істейтін педагог-сарапшының жалақысы 116 000 теңгеге дейін өсті. Педагог-зерттеуші 175 000 теңге алады.

Тағы оқыңыз: Мұғалімдердің жалақысы қалай өзгереді? 

Ал шебер-педагог ай сайын мың долларға дейін табыс табады. 

Вице-министр Каринованың айтуынша, осы уақытқа дейін аттестациядан 123 мың мұғалім өтсе, қараша айында өтетін аттестация кезінде тағы 69 мың ұстаз өз біліктілігін көтеруге ниет білдіріп отыр.

"Негізі, мұғалім өзінің санатын бес жылда міндетті түрде көтеріп отыруы тиіс, я болмаса, қазіргі санатын растап отыруы шарт. Аттестацияға күштеп жіберу немесе қудалау деген әңгіме жоқ. Мұғалім, біріншіден, өз дәрежесін анықтай алады. Екіншіден, тест кезінде мұғалімнің нақты өз пәні бойынша білімі мен педагогикалық құзіреттілігі анықталады. Ал портфолиода оның жұмысы көрініп тұрады. Аттестацияны өз уақытында немесе мерзімінен бұрын да тапсыруға болады", - дейді Каринова.

Жаңалықтар
0