НҰР-СҰЛТАН, 17 қазан – Sputnik. Сенатор Әли Бектаев Дана Нұржігітке ескерту жасап, ауыл халқына басқаша қарауға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Негізі, мен сөйлеймін деген ойым да болған жоқ еді. Бірақ бүгін қойылған біраз сұрақ пен жауап түрткі болып отыр. Біріншіден, айтайын дегенім, ауылдың тұрғындарына сауаты төмен, қаржыны қалай болса, солай жұмсайтын халықтың бір бөлігі деп қарауды қою керек. Құдайға шүкір, қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының сауаты да жақсы, алып жатқан қаржысын да өндіріске жұмсап жатыр. Ауылдың малы да, жаны да өсіп жатыр. Алып жатқан қаржысы шетке кетіп жатқан жоқ", - деді Бектаев.
Осы орайда сенатор өзінің әріптесі Дана Нұржігіттің пікірімен келіспейтінін жеткізді.
"Мүмкін, жаңағыдай құдалыққа, болмаса, құдайыға жұмсалып жатқан жағдайлар бар шығар. Бірақ ондай жағдайлар қалада да бар. Қаланың адамдары да несие алып, басқа мақсатқа жұмсап жатыр. Ондай жағдайлар өте көп. Ол мәселелермен қаржы институттары, болмаса, қаржы органдары жұмыс жасауы керек. Оның басын ашып, керек адамдарды жауапқа тартсын. Ал, енді, ауылдың тұрғындары осындай деп, баға беруге болмайды деп есептеймін", - деді Бектаев.
Депутат ауыл тұрғындарын қолдаудың екі жолы бар екенін айтты. Біріншісі, ол – субсидия, екіншісі – жеңілдетілген несиелер.
"Жеңілдетілген несие беру саласында да шешілмеген проблемалар көп. Мысалы, ауыл тұрғындарының алып жатқан несиесіне қойылатын пайыздық ставкалар өте жоғары деп есептейміз. Ауыл тұрғындары осы қаржы институттары бюджеттен ол қаржыны 0,01 пайызбен алады да, неге бізге 7 пайызбен береді деп сұрайды. Бүгінде бізде осы сұрақтарға жауап жоқ. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Бірақ қаржы органдары түрлі себептермен алдаусыратып келеді", - деп атап көрсетті Бектаев.
Сондай-ақ, сенатор Жамбыл облысындағы пилоттық жобадағы 2,5 проценттік кредит беру тәжірибесін республика бойынша тарату қажеттігін жеткізді.
"Одан кейін соңғы кездерде бұқаралық ақпарат құралдарында Маңғыстау облысында және Алматы қаласында несиелер 1 пайызбен беріледі деп жазып жатыр. Егер ондай мүмкіндік болса, неге ауыл тұрығындарына 1 пайызбен бермейміз? Міне, осы сұрақтар бойынша біз жауап бере алмаймыз", - дейді Бектаев.
Тағы оқыңыз: Перуашев кредиті кешірілгендер қандай қиындыққа тап болатынын айтты
Айта кетейік, бүгінгі отырыста сенатор Дана Нұржігіт "Даму" қоры арқылы кредит беру мәселесін көтерді. Оның ойынша, халықтың қаржылық сауаттылығын көтермей, ақшаны бөлудің қажеті жоқ. Себебі сұрақтардың басым бөлігі жеке бастың шаруасынан аспай жатады.
"Тек "Мен несие ала аламын ба?", "Мен осыған дейінгі несиелерді сіздер арқылы жаба аламын ба?" деген сияқты сұрақтардың аясынан шықпайды екен. Сосын "Өрлеу", "Бастау" сияқты бағдарламалар бойынша қаржы алдым, бизнес бастайтын болдым деп, ақшаны алады, ал кейін үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, я болмаса, құдайы беріп, құда шақырып, сондай өзінің жеке басының шаруаларына ақшаны жұмсап жібереді екен. "Ал үкіметке қандай есеп бересің? Қалай есеп бересің? "десе, көршінің бұзауын әкеліп, көрсете саламын деп, ақшаны далаға шашқан болып шығады", - деді Нұржігіт.