Оқиға

Алматыдағы үш адамның өлімі: бұрынғы прокурордың қылмысы қалай ашылды

© Sputnik / Екатерина Чеснокова / Медиабанкке өтуАрхивное фото человека в клетке для подсудимых
Архивное фото человека в клетке для подсудимых - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2007 жылы 23 қаңтарда Алматы қаласының маңынан түгі қалмай өртеніп кеткен көлік табылды. Ішінде екі адамның сүйегі жатқан, екеуін де біреулердің атып тастағаны белгілі болды

Жалғасы: (оқиғаның басын мына сілтемеден оқыңыз)

Полиция көлікте танымал бизнесмен Юрий Тарнопольский пен оның жүргізушісі Фархад Галибабаевтың болғанын анықтады. Бір күн өтпей жатып, қаланың басқа шетінен тағы бір адамның - Александр Соловковтың өлі денесі табылды. 

Банданың барлық мүшесін қалай ұстады?

Сонымен, полицейлер басты күдіктіні ұстады. Ол – бұрынғы прокурор Сәкен Балгенбаев. Оның қылмысын дәлелдейтін бұлтартпайтын айғақтардың болғанына қарамастан банда басшысы кәсіпкерді өлтіргенін мойындамай қойды.

Полиция оның сыйбайласы Ербосын Имашевты қолға түсіргеннен кейін жағдай өзгерді. Ол бірден тергеумен келісімге келіп, қылмыстың мән-жайын айта бастады. Банданың барлық мүшесін де атады.

Полицейлер бір тәуліктің ішінде қылмыстық топты толығымен құрықтады. Имашевтың сөзінен бұған дейін басқа бизнесмендерге де шабуыл жасалғаны белгілі болды. Бірақ ол ақша Балгенбаевтың Мәскеудегі казинода ұтылып қалған 220 мың доллардан астам қарызын жабуға жетпеген.

Мәскеулік жігіттер соңғы рет ескерту жасағаннан кейін Балгенбаев дірдектеп, тығырықтан шығатын жолды іздейді. Бір күні жарнама газетін парақтап отырғанда жер учаскелерін сатып алу туралы хабарландыру көреді. Оны құрылыс фирмасының басшысы Юрий Тарнопольскийдің өзі берген екен.

Тағы оқыңыз: Басын кесіп тастаған - Риддерде жас қыз жантүршігерлік қылмыс жасады

Сәкен Балгенбаев құрылыс үшін жер учаскелерін сатып алуға қыруар қаражат қажет екенін білді. Демек, ол ақша компанияда бар. Банданың басшысы клиент ұқсап фирманың кеңсесіне де барып, барлау жасап қайтқан. Балгенбаев өз өмірі үшін қатты қорықты. Осы компания қарыздан құтылудың жалғыз жолы екенін түсінгеннен кейін жоспар құруға кіріседі. Қылмыстық топқа тағы да адамдар жинай бастайды.

Бұрынғы прокурор алдымен өзінің тұрақты сыбайласы Ербосын Имашевпен кеңеседі. Оған тағы бірнеше адам тауып беруге тапсырма берген. Осылайша, бандаға Батырхан Мұсафаев пен Нұртілеу Оспанов қосылды. Балгенбаев өзінің кіші інісі – Сабырды да шақырып алды.

Осылайша, қылмыстық топ бизнесмен Юрий Тарнопольскийдің ізіне түсіп, бір айдан астам уақыт бақылап жүрді. Ал кәсіпкерді ұрлау операциясын 2007 жылдың 23 қаңтарына белгілейді.

Бизнесмен банданың қолына қалай түсті?

Ол күні Фархад Галибабаев әдеттегідей қызметтік көлікпен бастығын алып кетуге үйіне келеді. Сөйтіп, екеуі кеңсеге қарай шықты. Ал қылмыскерлер бизнесменнің көлігінің артынан жүріп отырды. Сосын ыңғайы келгенде Тарнопольскийдің көлігін әдейі сәл қағып өтеді. Екі көлік те тоқтаған кезде Балгенбаевтың жігіттері далаға шығып, мәселенің мән-жайын Галибабаевпен "шешуге" кірісіп кетеді. Екеуі бірден көліктің артына отырып алады да, Тарнопольскийді тапаншамен қорқытады. Сосын аяқ-қолын байлап тастайды. Жүргізушіні де кепілдікке алады.

Қылмыскерлер екеуін қаланың шетіне алып шығады. Бутаковка кентіне жақын жерде тоқтайды да, өз талаптарын қояды. Сәкен Балгенбаев бірден 4 миллион доллар тауып беруді талап етті. Бірақ бизнесмен ондай ақшаны таба алмайтынын айтқан соң банда басшысы соманы екі миллионға дейін түсірді.

Тарнопольский біршама уақыт беруді сұрап, бірден кеңсеге хабарласады. Сондай-ақ, бірнеше досы мен мен танысына жаңа үйден арзан бағаға пәтер ұсынады. Осылайша, кәсіпкер аз уақыттың ішінде 1 миллион 800 мың доллар табады.

Ақшаны алып кетуге Александр Соловков барады. Балгенбаев онымен жақында ғана техникалық бақылау орталығында танысқан. Банда басшысы Соловковтың ақшаға мұқтаж екенін білген. Сөйтіп, кішкентай жұмыс үшін бір мың доллар беремін дегенде жас жігіт қуана-қуана келісті.

Куәгерлердің көзін құрту керек

Қылмыскерлер Юрий Тарнопольский мен Фархад Галибабаевты кешке дейін ұстады. Қараңғы түскенде Сәкен Балгенбаев келді. Ол бірден сыбайластарын жинап, жоспар сәтті жүзеге асқанын жеткізді. Осыдан кейін банда басшысы Имашевке кәсіпкер мен оның жүргізушісін атып тастауды бұйырады. Имашев қарсылық көрсеткен жоқ. Тапаншаны әрбіреуіне тақап тұрып, алдымен кеудеден екі рет, одан кейін бастан бір рет атқан. Сосын барлығы жабылып, екеуінің денесін джипке салды да, көлікті өртеп жібереді.

Енді қылмыс ізін толығымен жасыру үшін тағы бір куәгердің көзін құрту керек еді. Ол – Александр Соловков. Себебі оны таниды, ақшаны жинауға барғанда бәрі көрді. Балгенбаев пен Имашев оны еш қиындықсыз үйінен алып шықты. "Сәтті ісімізді жуайық, қыздарды шақырып, қаланың шетінде демалайық" дегенді естіген Соловков бірден келіскен.

Жарты жолда Балгенбаев көлікті тоқтатып, доңғалағымыз жарылды деп сылтауратады. Не болғанын көру үшін Соловков көліктен шығады. Осы уақытта Балгенбаев артынан барып, екі рет арқасынан және бір рет басынан атты.

Тағы оқыңыз: Бизнесменнің бүкіл отбасын қырып салған қылмыстың мән-жайы

Соттың шешімі қандай болды?

Барлық куәгерден құтылғаннан кейін қылмыскерлер ақшаны бөлісуге кіріседі. Бірақ нақты соманы Балгенбаев қана білген. Содан ақшаның көп бөлігін өзіне алып қалады.

Банда басшысы екі адамды өлтірген Ербосын Имашевке 100 мың доллар берді. Ал Батырхан Мұстафаев пен Нұртілеу Оспанов көмек жасағаны үшін 15 мың доллардан алды. Сәкен Балгенбаевтың інісі – Сабырға тиын-тебен ғана бұйырды. Ол адам өлімі жайында білген де жоқ.

Банданың барлық мүшесін ұстағаннан кейін тергеу шаралары жылдам жүрді. Себебі әрбіреуі өз кінәсін барынша жеңілдетуге тырысты. Сөйтіп, бір-біріне қарсы айғақ берді. Сәкен Балгенбаев бұрынғы прокурор ретінде заңды жақсы білді. Ол Соловковты өлтіргенін мойындады. Алайда қылмыстың ұйымдастырушысы Ербосын Имашев деп мәлімдеді. Барлығы соның нұсқауымен жасалғанын айтты. Мұны естіген басқа сыбайластары әбден ашуланып, қылмысты бүге-шүгесін дейін айтып берді.

2008 жылы 28 ақпанда қылмыстық топтың барлық мүшесіне соттың үкімі шықты. Сәкен Балгенбаевтың інісі Сабыр сыбайластарының жоспарын және оқиғаның немен аяқталғанын білген жоқ. Сол себепті екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Нұртілеу Оспанов 11 жылға, 12 жылға сотталды. Екі адамды өлтірген Ербосын Имашев 23 жылға түрмеге қамалды.

Ал "прокурор" Сәкен Балгенбаев қылмыстық топтың серкесі ретінде 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жаңалықтар
0