НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. WBA Super тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварес қазақстандық Геннадий Головкинмен үшінші рет жұдырықтасуға қызығушылық танытпайтынын айтты, деп хабарлады Sports.kz.
Қос боксшы арасындағы бірінші кездесу тең аяқталды. Ал екінші жекпе-жекте төрешілердің шешімімен "Канело" жеңіске жеттті. Алайда мексикалық былғары қолғап шебері екі кездесуде де жеңіске жеттім деп санайды.
Тағы оқыңыз: "Канело" Головкинмен үшінші жекпе-жегіне қатысты күтпеген мәлімдеме жасады
"Спортшы бабында жүргенде оның істеген ісін жақтырмай, қолдау көрсетпейтін адамдар болады. Алайда бұл – қалыпты құбылыс. Табысқа жеткен тұлға ондайды басынан өткеріп тұрады. Мен өзім туралы айтылған жағымсыз әңгімелерге мән бермеуге тырысамын. Мұны мотивация ретінде қабылдаймын. Себебі, кейбір кездері адамдар боксты түсінбей, пікір білдіреді", - дейді Сауль Альварес.
Сонымен қатар ол қарсыластарына тегеурінді қарсылық көрсетіп, жеңіске жеткеніне қуанышты екенін атап өтті.
"Головниннің бапкері (Абель Санчес) маған қатысты айтқандарынан кейін жеңіске жеткеніме қатты қуандым. Себебі, бұл жеңіс оның және қалғандарының аузын жабуға мүмкіндік берді. Головкин мен туралы айта берсін. Бірақ біздің арамыздағы бәсекелестік осымен аяқталды. Онымен жекпе-жек өткізуге құлықсызбын", - дейді мексикалық Boxingscene.com-ға берген сұқбатында.