НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директорына пара алды деген айып тағылып отыр, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
"Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінген "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады", - делінген агенттіктің ресми хабарлмасында.
Ресми ақпаратқа сәйкес, филиал басшысы жеке фирманың директорынан республикалық маңызы бар "Омбы-Майқапшағай-Қалжыр-Теректі" автожолы бойынша орындалған жұмыстың актілеріне қол қойғаны үшін 2 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.
"Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайды", - дейді мамандар.