НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда әйел зорлады деген күдікпен ұсталған адам психоневрологиялық диспансер аумағынан қашып кетті. Бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 9 қазан күні сағат 12:20-да болған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы (Зорлау) бойынша күдікке ілінген 42 жастағы ер адам Жансүгірұлы мен Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысында орналасқан медициналық мекемеден қашып кетті.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қашқынды іздеуге бағыттама жіберілді.
"Бізге бағыттама түсті, қазір қосымша бақылау-өткізу пункттерін қойдық. Ақмола облысының аумағында және елорданың маңында іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, күдікті 1977 жылы туған Өзбекстан азаматы, бойы 175-180 сантиметр, шашы қысқа, қара. Ер адам капюшоны бар қара күртеше, бас әріптермен "Italiy" деп жазылған қара-көк түсті жейде, қара түсті спорт қалпағын, қара-көк түсті трико, қара туфли киген.
Жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда аса қауіпті қылмыскер қашып кетіп, Қырғызстанды аяғынан тік тұрғызды
Полиция азаматтардан күдіктіні ұстауға көмектесуін сұрады. Қандай да бір ақпарат болса, Нұр-Сұлтан полициясының кезекші бөліміне мына телефондар арқылы хабарласуға болады: 71-60-10, немесе 8 (7172) 71-60-07, 71-60-29, 71-60-22, 71-63 -29, ұялы телефон: 87018808070, 87789508176.