ПАВЛОДАР, 7 қазан - Sputnik. Павлодар облысында әлеуметтік желілерде тарап кеткен екі жалаңаш ер адамның видеосына қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлады өңірдің полиция департаменті Sputnik Қазақстан-ға.
"Полиция департаментіне Павлодар облысы сотының қызметкері арыз жазды. Ол әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратылып жатқанын айтқан. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп хабарлады полиция департаменті.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, оқиғаға қатысты бірқатар сараптама жүргізіліп жатыр. Сот қызметкері мен видеодағы ер адамның бір-біріне ұқсастығы тексерілуде.
Сондай-ақ, полицейлер бұл видео түсірілуі мүмкін деген облыстағы қонақүйлер мен сауналарды тексерді. Алайда видео түсірілген жер әлі анықталмаған.
Тағы оқыңыз: WhatsApp-та жалаңаш видеосы тараған қазақ актері мән-жайды түсіндірді
Бұған қоса, WhatsApp мессенджері арқылы видеоны таратқан телефонның IP мекен-жайы тексеріліп жатыр.
"Өзге ақпарат әзірге жарияланбайды", - деді полицияда. Бұл ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабында қарастырылған.
Желіні шулатқан видео
Бұған дейін Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұратғали Әкетай арыз жазғанын хабарлаған болатын. Ол әлеуметтік желілер арқылы өзіне қатысты жалған ақпарат таратылып жатқанын айтқан. Ол атышулы видеоның өзіне еш қатысы жоқ екенін алға тартты.
Екі ер адамның төсекте жалаңаш жатқаны түсірілген видеоға белгісіз біреулер актер Қуандық Шәкіржановтың суретін де қосып қойыпты. Ол тараған видеодан кейін полицияға барып, арыз жазды.
Актер өзінің қазақтың намысы бар жігіті екенін айтқан. Сондықтан жақын арада видеоны таратқандар қолға түсіп, жазасын алады деген ойын жеткізді.